Алдымен айтыскер «Семейге барғанда Ринат Зайытовты ұстап әкетіпті, әке-шешесін де қамапты» деген сыбысқа қатысты жауап берді.
«Көшеден көргендер солай айтқан болуы мүмкін. Расында да, 12-сі күні мені Семейде көшеде ұстап, қамамақшы болды. Мен жан-жаққа қоңырау шалдым. «Халық шулайды, сол керек пе сендерге» дедім. Ақыры босатты.
Ол арадан шығып, Өскеменге барып едім, ол арадан да ұстап алды. Тағы да қамамақшы болды... Негізі, бұл арада үлкен ойындары бар өздерінің...», – дейді ақын.
Алайда құқық қорғау органдарының өзін не себепті құрықтамақ болғанын ақын ашып айтпаған. Біздің болжауымызша, бұл былтырғы жағдайға қатысты болса керек.
Өткен жылы Алматыда халықтан тізерлеп кешірім сұрап, партия құратынын айтқан айтыскер тұтқындалып, артынша босатылған еді. Осы жағдайдан кейін ақын көптің көзіне көрінбей кеткен. Белгілі болғандай, Семейде жүргені анықталған.
Соған қарағанда Зайытовты Семейде тұтқынға алмақ болған сыңайлы. Алайда ол туралы көпшілік біле бермейді. «Шынайы» бағдарламасында ағынан жарылған Ринат осы жайтты шым-шымдап жеткізген түрі бар.
Партия құрудан айнып қалған ақын оның себебін: «мен ешбір өзгерісті адамдардың қантөгісімен жасамаймын» деп түсіндірген еді.
Кейіннен Әблязов пен Қосановқа шүйлігіп, әлгі екеуінің елден кешірім сұрауын талап еткен.
«Әблязовқа, Қосановқа айтарым, еркек болса елден кешірім сұрасын. Ешқашан ешкімнен ақша да, басқа да алып, елімді алдаған емеспін. Солай болып қаламын!
Мен халықты өзім алданған өтірікке сендіргенім үшін айыптымын. Бар кінәм сол. Сол үшін экранның ар жағынан емес, халықтың алдында кешірім сұрадым. Ол жасағаным қылмыс емес шығар. Ұлтым үшін туғанымды өлгенше дәлелдеп өтуге дайынмын! Тек уақыт беріңіздер. Қалғанын кейін айтайын», – деген еді Зайытов.
Хейтерлерді кім айтақтатып отыр?
Зайытов желіде өзін жамандайтын хейтерді ұстап алғанын айтты. Бірақ әлгі адам ақынға өз ісі үшін өкінбейтінін бетіне айтыпты.
– Желіге көп кірмеймін. Өйткені ең бірінші кезекте, одан ата-анамның жүрегі ауырады. Мені жамандайтындар да бар. Кейін оларды хэйтер деп атайтынын білдім. Мәселен, бір рэперлерді көрсетеді, содан мені көрсетеді, сөйтіп, бұлар – Наймандар, осындай нашар жігіттер», – дейді. Бүкіл Найманға сөз тиіп тұрған соң әлгіні тауып алдым.
Сөйтсем: «Мен хейтермін, бұл менің жұмысым, онда тұрған түк жоқ» деп бетіме бажырайып қарап тұр. Сонда ақшаға жамандап береді екен адамды. Сондай да қызмет түрлері бар екен. Әрине, оның артында кімдер тұрғанын білемін ғой. Ол тек орындаушы ғана, содан оған көп шүйлікпедім.
Сол секілді Біржан Байтуов та өткенде мені жамандап сұхбат беріпті. Қасымдағы жігіттер «анаған жауап бермейсің бе?» дейді. Бірақ мен білемін ғой оның артында кім тұрғанын. Сондықтан үнсіз қалдым. «Ит үреді, керуен көшеді» деген...
«Жыл адамы?». Ол атаққа лайық болу керек
Сондай-ақ «Жыл адамы» деген атақ берілгенде Зайытов бұған неге разы болмағанын айтты.
Еске салсақ, былтыр Зайытов отандық басылымның таңдауы бойынша «Жыл адамы» деп танылған. Алайда айтыскер ақын бұған өзінен гөрі басқа азаматтардың лайығырақ екенін айтады.
«Жыл адамы» сол атаққа лайық болуы керек. Жалпақ тілмен айтқанда, «ақымақтығымен» өзі барып қана түспей, артынан бәленбай миллион адамды ертіп, тақырға отырғызған адамды қалай «Жыл адамы» дейді (ақын бұл арада Әміржан Қосановқа дауыс беруді үндеп, саясаткердің сайлауалды науқанына атсалысқанын меңзеп отыр. ред).
Халықтың алдындағы азғантай абыройымды апардым да, бір қорқақ алаяқтың өз дегеніне жету жолына құрбан еттім.
Міне, сол жылы маған «Жыл ақымағы», «Жыл аңқауы» деген атақ беруге болар еді. Мысалы, мен үшін Қытайға қарсы тұрған адамдар «Жыл адамы» болды, АҚШ-қа барып қазақтың Көк туын желбіреткен Димаш – «Жыл адамы». Дегеніне жете алған адамдар осындай атаққа лайық, – дейді Зайытов.
Ақын саясатпен қош айтыспайды
Айтыскер саясатпен айналысуға әлі де дәмелі. Партия құрмақ әуселесі жүзеге аспаса да, Зайытов күндердің-күні саясатқа қайта айналып соқпақ.
«Алда саясатпен айналыспаймын деп айта алмаймын, өйткені саясат бәрібір менімен айналысады. Партия құрамын деген ойым болып еді...
Кез келген уақытта мен ойымды ашық әрі еркін білдіре беремін. Ал қазір «неге митингіге бармаймын, неге саясаттан жырақтап кеттім» дегенге келсек, мен бұл бағытта не істесем де ол халыққа пайда әкелмейді, соған көзім жетіп тұрғандықтан, әзірге тынышпын», – дейді ақын.
Айтыскерлер арасында алауыздық бар ма?
«Айтыста екі команда бары, біреуі Бекболат Тілеуханға, біреуі Жүрсін Ерманға тиесілі екендігі туралы» алыпқашпа сөзге қатысты да Ринат Зайытов пікір білдірді.
Ол бұл екі команда қатарына өзінің жатпайтынын, сондықтан бұл сөзді не растап, не жоққа шығара алмайтындығын жеткізді.
«Менің ойымша, Бекболат Тілеухан да, Жүрсін Ерман да өздігінен айтысқа ықпал еткісі келіп, үстемдігін жүргізгісі келіп отырған адамдар емес. Бір анығы – әйтеуір біреу өз саяси бағдарламасына «Айтысты» құрал ретінде пайдаланғысы келеді.
Яғни мақтатқысы келген адамды мақтатып, жамандатқысы келген адамды жамандатып дегендей...
Ал мен ондай ойын ойнағым келмейді. Бұл екі адамға да жек көрушілік секілді сезімім жоқ, екеуін де құрметтеймін. Екі жақта жүрген ақындармен де араласамын, сөйлесеміз.
Жалпы, әу баста, менің театрдан кетіп, «Айтысқа» келуімнің себебі ұжым ішіндегі ұсақ-түйек әңгімеге қатысқым келмеуінен еді. Расында да, 2000 жылдардың басында айтыста индивидуализм жақсы дамыды. Кейін «Айтыс» саяси құралға айналғаннан кейін айтыскерлер еріксіз топтала бастады. Бір-біріне айдар тағып, жала жаба бастады. Сөйтіп, береке кеткен соң мен де одан алшақтай бердім...», – дейді ол.
Ақын «Айтысты» өзінше жасағысы келіп жүргенін, осындай бір тың жобасы барын да айтты. Бұл жоба елді елең еткізетініне Зайытов сенімді.
«Қазір айтыскерлер арасында мынандай бір үрдіс бар. Олар топқа бөлінген. Содан кейін «Айтыс» өткізсе бір топ оған басқаларын шақырмайды, тек өзінің тобындағыларды шақырады.
Ал мен ұйымдастыратын «Айтыста» барлық топ өкілдерінің айтыскерлері қатысады, оның әрқайсысының өз шындығы бар. Оның бәрін халық естуі керек деп білемін. Әркім өзін халық алдында дәлелдесін. Одан кейін мен айтыскерлердің сахнадағы отырысын, тағы басқасын басқаша өзгерткім келеді. Жаңа стандарт енгізгім келеді...», – дейді ол.