Дін құбылысы – киелі қасиеттілік сипатқа ие аксиологиялық сенімге негізделген, этикалық нормалары мен моральдық тұжырымы нақты және діни ғұрыптық қыры мен құлшылық шарттылықтары бар діни сенім институты. Дін адамның ожданымен таразыланып қабылданатын Құдайлық заң, бірақ дін тек қана жеке адамды ғана емес, тұтастай қоғамды, мәдениетті қалыптастырушы күш екендігі тарихи шындық. Діннің қоғамдық-әлеуметтік мәні зор. Әрбір қоғам отбасынан, отбасы жеке адамдардан құралатын болса, әрбір адамның жеке басының ар-ожданы оны тұлға ретінде өзіне, әлемге, мемлекетке, әрине, Жаратушыға байланысты жауапкершілігі бар тіршілік иесі деп бірегейлендіреді. Ар-ождан үні – бұл тұлғаның Рухының қалауы. Осы тұрғыдан қарасақ, діннің мақсаты адамның ар-ождан үнімен ұштасып, адамгершілік қағидаларға қайшы келмеуге тиісті.
«Әлемдегі діндердің түп мақсұты,
Үш нәрседен бұлжымай құшақтасар,
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар»
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
«Інжіл» «Құран» – бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып ардан күсіп қара басар.
(Ш. Құдайбердіұлы)
деген дін ғұламасының сөзіне құлақ ассақ та, осы ақиқатқа меңзейді. Дегенмен, бүгінгі күннің шындығы, дін атын жамылған экстремизмнің белең алуымен көрініс беріп тұр. Сондықтан да, елімізде зайырлылық қағидаттарын ғылыми негіздеу, дін атын жамылған экстремизмнің алдын алу оған заңдық тұрғыда тосқауыл қою, қоғамның ішкі тұтастығы мен тұрақтылығына іріткі салуға жол бермеу мәселелері өзектілікке ие.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске қосылуы тиіс.
2017-2020 жылдарға арналған осынау маңызды құжат жайында Елбасы өзінің соңғы Жолдауында атап өткен болатын:
«Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады. Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыруы керек. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек. Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет»
Қазақстанда тәуелсіздік алған уақыттан бері дін мен саясат қатынасында біраз тәжірибе жинақталды. Дін туралы заңдар қабылданып, заң жобалары мен баптар толықтырулар мен өзгерістерге ұшырады. Бұлар құқықтық жағынан жасалып жатқан іс шаралар. Терроризммен күрес стратегиясы қабылданды. Заңда Ханафи мектебі мен Христиан православ мектебінің тарихи рөлі мойындалатындығы көрсетілді. Негізінен бұл шешімдер мемлекеттің дін саясатының бағытын да анықтайды.
Біздің еліміздегі дінге басты қатысты қағида бұл зайырлылық ұстанымы. Ата заңымыздың 1-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деген қастерлі қағидаттар қазақ даласының сан ғасырлық тарихи-рухани тәжірибесінен бастау алып, бүгінгі үдерістермен тоғысып жатыр. Зайырлы мемлекеттің заңдарына сай адамның діни сенім бостандығы қорғалатындықтан, көп конфессионалды және көп этносты еліміздің жағдайында қандай да бір діни сенімнің көзқарастарын таңуға тыйым салынатындықтан «дін мемлекеттен бөлек» деген ұстаным бар. Бұл діннің қоғам өміріндегі орнын жоққа шығару үшін емес, діннің мемлекет саясатына қол сұқпай, бейтараптық сақтайтындығын білдіреді және діннің саясилануы арқылы белгілі бір мүдделі топтардың идеологиялық құралына айналуынан сақтанудағы басты қағида болып саналады.
Зайырлы құқық – діни шарттарға негізделмеген құқық, ал зайырлы мемлекет – діни сенім ақидаларына сүйенбеген мемлекет деп білеміз.
Зайырлылық орыс тіліндегі «светскость» ұғымы, батыстағы «лаицизм», «секулияризм» ұстанымдарының баламасы ретінде қолданылуда. Саяси биліктің қуатын діннен алмауы, конституциясын дінге негіздемеуі, белгілі бір дінді қолдамауы, барлық дін өкілдеріне тең құқық беруі, дін және мемлекет істерінің ажыратылуы сияқты негізгі ұстанымдардың осы лаицизмге тән басты қағидаттар екені белгілі. Осындай функцияларды қамтыған – лаицизмнің мазмұнында дін және дүние, жамағат және қоғамның өзара ажыратылуы, бір біріне араласпауы, адамдардың дініне немесе атеист болуына қарап бағаланбауы, төмендетілмеуі, еркін құлшылықтарын орындауына мүмкіндік берілуі немесе орындауға мәжбүрлеудің болмауын қарастырған.
Алайда зайырлылық тек қана құлшылық пен сенім бостандығы немесе мемлекет пен діннің өзара ажыратылуымен шектелмейді, оның негізгі мақсаты жеке тұлғаны сырттан таңылған діндердің және идеологиялардың қысымынан қорғауды құтқаруды көздейді. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстанға кейінгі уақытта белсенділігімен көзге түскен, әртүрлі терорлық әрекетке барушылар өз әрекетін діни тұрғыда негіздеуге қолданған «салафилік» ағымның идеологиялық құрсауына өз азаматтарын бақылаусыз беріп қоюы мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Басқа да көптеген діни ағымдар мен христиан миссионерлерге діни идеологиялық кеңістікті беріп, бақылаусыз қалдыру мемлекет қауіпсіздігіне зор қауіп төндіреді.
Дін мен мемлекет арасындағы зайырлылық ұстанымының аясы мен қызметтері, тарихи, болмыстық қатынасы, қолдану тетіктері ғылыми теориялық, практикалық жағынан көрініс табуы үшін Қазақстанның ешкімді қайталамайтын өзіндік зайырлылық концепциясы, діни білім беру жүйесі жаңғыртылып қайта қалыптастырылуы табиғи шарт. Ислам шариғаты аясында да зайырлылыққа тән құндылықтар көрініс тапқаны мәлім. Оның ең маңыздысы – діни сенім бостандығы қағидасы. Ислам ілімін ең кемел, ең ақиқат сенім деп білу, өзге дінді ұстанушыларға шек қоймайды, зәбір көрсетпейді, қамқорлықсыз қалдырмайды. «Дінде зорлық жоқ» деген қағида Құран аяттарынан бастау алып, Мұхаммед пайғамбардың өнегесіне негізделіп, өзге дін өкілдеріне деген құрметке, исламның рухани-адамгершілік ұстанымдарына негіз болған. Дінаралық қатынас қағидаттарын, діни сенім мен ар-ождан бостандығын бекіткен алғашқы құжаттар «Мәдина келісімінде» көрініс тауып, өзге дін өкілдеріне қамқорлық жасаудан, мал-мүлкіне қол сұқпаудан, мұсылман мемлекетіндегі қоғам мүшелері болып табылатын өзге дін өкілдерімен бейбіт, тең көршілік қатынаста болу үлгісінен көрінді. Қ. А. Ясауидің: «Сүннет екен, кәпір де болса, берме азар» деген ұстанымы қоғамдағы рухани тепе-теңдік пен келісімді сақтауға бағытталған. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың діннің өзегін Хаққа махаббаттан, мейірімнен іздеуі бүгінде өзектілігін жоймаған ақиқат. Бұл дәстүрді жаңғырту егемен еліміздің баяндылығы үшін жасалуы тиіс: саясиланған діннен сақтану үшін, дінді саясаттың құралына айналдырудан аулақ болу үшін қажет. Бірақ, діннің негізгі мәніне де, маңызына да баса назар аудара отырып, оны қоғамдағы жаңа заман талаптарына сай орынды пайдалана білуге ұмтылыс және оның дәстүрі қазақ қоғамында бұрында да бар еді. Мәселен, Алаш қозғалысының ірі реформаторы Б.Сыртанов 1911 жылы «Қазақ елі» уставын жазып шықты. Онда «Адам баласының құқы турасында» деп аталатын ІІ тарауының 10 бабында: «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап, адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм Құдай алдында жауап береді» деп жазды. «Алаш» партиясының 1917 жылғы бағдарламасының IV тарауында: «Дін ісі мемлекет ісінен айырылуы болуы. Дін біткенге тең құқық. Дін жаюға ерік. Кіру-шығу жағына бостандық. Муфтилік қазақта өз алдына болуы. Неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты істер моллада болуы, жесір дауы сотта қаралуы» деген құқықтық норма көрсетілді. Бағдарламадағы «Дін ісі мемлекет ісінен айырылуы болуы» деген норма зайырлылықтың негізгі ұстанымы екендігі белгілі. Зайырлылық ұстанымын негізге алмайтын мемлекеттерде діни фанатизм немесе саяси лаңкестіктің билікке үстемдік ету мүмкіндігі жоғарылайды. Діни фанатизм - надан діндардың өз діни ақидаларын абсолюттік ақиқат ретінде қабылдатып, басқа діни танымдағылардың жолына «ширк» ретінде үкім шығарып, саяси билікті өз ықпалына алып, Алланың атынан сөйлеуге бейімделеді. Сондықтан дін еркіндігін діни және саяси фанатизмге қарсы қорғанудың бірден бір жолы зайырлылық ұстанымы және оның көпқырлы функциялары болу керек «Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ, бізге қауіп төндіретіні: діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны» деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезінде сөйлеген сөзінде.
Сондықтан «дін мемлекеттен бөлінгендігі» биліктің дінге бейтарап қарауы емес, зайырлылықтың бұл ұстанымына сай – дін саясатқа құрал болмауы үшін мемлекеттік билік пен діни биліктің ажыратылуы. Біздің елімізге лайықты зайырлылық концепциясы қазақ халқының жүріп өткен тарихымен тығыз байланысты болуға тиісті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген өзекті мәселелер әлемдегі жаңа тарихи кезеңнің дүбірлі үдерістеріне көш түзеп, біртұтас ұлт ретінде қадам басуымызға бағыт сілтеген. Санадағы таптаурындардан арылу, жаһанданудың дауылына төтеп бере отырып, жаңғырудың жағымды жақтарын қолдана білу.
Оның басты шарты:
«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деп ұсынылуы және оның себебі «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп тұжырымдалуы ұлттық идеологияның өзектілігі арта түсуінің тағы бір куәсі. Мақалада «ұлттық бірегейлікті сақтау мен Ұлттық жаңғыру деген ұғымдарды ұштастыра отырып, оның өзін ұлттық сананың кемелденуінің шарты» деп тұжырымдап: «Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп түйіндейді.
Патриоттық тәрбиені «Туған жер» бағдарламасы аясында дамыту және рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі ретінде «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деген идеяны ұсына отыра: «Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды» тарихи нысандарды да нақты атайды. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» дей келе мақалада болашақта осы бағытта атқарылар оқу-ағарту, ақпараттық насихат, туристік бағыттарды анықтау мәселелері нақтылы баяндалады.
Елбасының осынау зор бағдарламалық мақаласынан рухани жаңғырудың біздің тарихи рухани тамырымыздан қол үзбеу арқылы атқарылар іс екендігіне қөзіміз жетеді. Сондықтан әрбір рухани жаңғырудың діни дәстүрмен сабақтастығы барлығын ескере отырып, еліміздегі дәстүрлі діннің негізгі қағидаттарының жаңа заман талабына сай қайта қаралып, рухани-діни дәстүрімізге сай жаңғыртылуы маңызды екендігіне назар аударамыз.
А. МЕЙІРМАНОВ,
ҚР БҒМ ҒК Философия,
саясаттану және дінтану институтының
аға ғылыми қызметкері