Ақтөбе облысының полицейлері 70 жастағы зейнеткерге алаяқтар алдап алған 9 миллион теңгеден астам қаражатын қайтарып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Polisia.kz мәліметінше, әйел екі ай бойы алаяқтардың психологиялық қысымына ұшырап, бар жиған-терген ақшасын ғана емес, пәтерін сатып түскен қаржыны да оларға аударған. Өмір бойы мұғалім болып еңбек еткен зейнеткер тек тамыз айының басында ғана алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Тергеу барысында оның 20 жыл бойы жинаған 9 миллион теңге жинағын алғаш болып аударғаны белгілі болды. Кейін пәтерін сатқаннан түскен қаражатты да соларға жіберген. Ақша маусым және шілде айларының соңында такси қызметі арқылы жеткізілген.
Алаяқтар жәбірленушіні стандартты схема арқылы алдаған: алдымен оның телефонына SMS-хабарлама келген, артынша өзін eGov порталының қауіпсіздік қызметі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілі ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалған. Олар әйелдің банк шотына "шабуыл жасалып жатқанын" айтып, қаражатын "қауіпсіз шотқа" аударуды ұсынған. Кейін оның шетелде тұратын қызына бару үшін пәтерін сатуды жоспарлағанын білген алаяқтар сатылғаннан түскен ақшаны да осылайша иемденуге қол жеткізген.
Жедел іздестіру шаралары барысында ақшаның Шымкент қаласына жіберілгені анықталды. Полицияның арнайы тобы іссапарға шығып, қаржыны тауып, тәркіледі. Қаражат зейнеткерге салтанатты түрде қайтарылды.
"Өмір бойы ұстаз болып еңбек еттім, өзімді сауатты адаммын деп ойлайтынмын. Бірақ алаяқтарға қалай сеніп қалғанымды түсінбеймін. Екі күннен кейін туған күнім — бұл сіздерден алған ең үлкен сыйым болды", — деді көзіне жас алған әйел полицейлерге алғыс білдіріп.
Ақтөбе облысы полиция департаменті бұл оқиғаны көпшілікке кибералаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін ескерту ретінде жариялағанын атап өтті.