Өскеменде оқушылар 1 қыркүйектен бастап қоғамдық көлікте тегін қатынайды

Ақтоты Жапатова 22 там. 2025 14:20

Өскемен қаласында 1 қыркүйектен бастап 18 жасқа дейінгі балалар қоғамдық көлікпен тегін қатынайды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мұндай шешім қалалық мәслихат сессиясында қабылданды. Қала әкімі Алмат Ақышов бұл қадам әлеуметтік қолдау шараларын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті.

— Балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруі — бұл болашаққа салынған инвестиция. Қаламыздың жас тұрғындарын қолдауымыз керек, — деді ол.

Сондай-ақ депутаттар басқа да санаттағы азаматтарға жеңілдік беруді қолдады. Атап айтқанда, 70 жастан асқандар қоғамдық көлікте 55% жеңілдікпен жүре алады. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, басқа елдердегі әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен Өскемен қаласының құрметті азаматтары тегін қатынайды.

Бұдан бөлек, трамвайда бірінші топтағы мүгедектер, екінші топтағы көру қабілеті нашар жандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көпбалалы аналар, «Батыр ана» атағының иегерлері мен «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналар тегін жүре алады. Осындай мүмкіндік 80 жастан асқан тұрғындарға да берілді.

— Бұл жеңілдіктер егде жастағы азаматтар мен көпбалалы аналар үшін нақты көмек. Бірақ біз үшін ең маңызды шешім — оқушылардың қоғамдық көлікте тегін жүруі болып отыр. Енді балалар мектепке, үйірмелер мен секцияларға өз беттерімен және қауіпсіз түрде бара алады. Отбасылық бюджетке де қосымша салмақ салынбайды. Сондықтан бұл бастаманы бірауыздан қолдадық, — деді қалалық мәслихат депутаты Андрей Ливеринов.

Айта кетейік, жеңілдіктер үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлінеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар