Қырғызстан депутаты: Қазақстанмен сауда ынтымақтастығы жаңа деңгейге жетті

Ақтоты Жапатова 22 там. 2025 19:43

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен бауырластық қатынастарды нығайту мақсатында бірнеше маңызды кездесулер өткізді. Осы сапар барысында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты Абакиров Эльдар Қазақстан Президентінің сапарына қатысты өз пікірін бөлісіп, екі ел арасындағы достық пен бірлескен бастамаларға баға берді.

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда көлемі шамамен 2 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Сіздің ойыңызша, бұл көрсеткішті арттыру және ынтымақтастықты одан әрі өзара тиімді ету үшін қандай шаралар қажет?

- Біз үшін бұрынғы көрсеткіш бір миллиард доллар болса, қазір сауда көлемі екі миллиардқа жетті, бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймын. Осы көрсеткішті арттыру үшін, менің пікірімше, біздің елдеріміз Еуропа Одағының тәжірибесіне сүйене отырып, шекарада барлық бақылау түрлерін алып тастау керек. Бұл екі елдің экономикасын айтарлықтай жақсартады. Біз тауар айналымын жеңілдетіп, оны тез әрі тиімді ету үшін осы бағытта қадам жасаумыз керек.

- Президент ҚасымөЖомарт Тоқаевтың сапары барысында инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде жол салу және транзиттік дәліздерді дамыту мәселелері талқыланды. Сіздің ойыңызша, осы бастамалардың қайсысы стратегиялық әріптестікті нығайтуда басымдыққа ие?

- Қырғызстан мен Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия өзін тиімді транзиттік дәліз ретінде көрсетуі тиіс. Шығыстан батысқа да, оңтүстіктен солтүстікке де. Бұл өңірге пайда әкеледі, жүктер біздің елдер арқылы өтеді, теңіз жолдарына қарағанда тиімді болады. Мұны жүзеге асыру үшін жүктер шекарада кешіктірілмей, жылдам өтуі керек, ал инфрақұрылым -  теміржолдар, авиация және автомобиль жолдары  жоғары деңгейде болуы қажет. Сол кезде біз өңірдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикалық пайда ала аламыз.

- Қазақстан Президенті Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Сіздің ойыңызша, бұл марапат елдер арасындағы экономикалық және инвестициялық жобаларды одан әрі дамытуға қалай ықпал етеді?

- «Алтын Қыран» орденімен марапаттау өте маңызды символ. Орталық Азиядағы барлық елдер барынша жақындасуы керек, ал мұндай марапаттар мемлекеттер арасындағы сенім мен тұрақты байланыстарды нығайтады. Экономикалық тұрғыдан да бұл әсіресе маңызды: бір-бірімізге инвестиция жасау басқа елдерге қарағанда әлдеқайда тиімді. Мұндай қадамдар сенім көпірін қалыптастырып, ірі жобаларды жүзеге асыруға және өзара инвестицияны арттыруға мүмкіндік береді, бұл екі жаққа да пайда әкеледі.

- Экономика және инфрақұрылым саласында қандай ұзақ мерзімді бірлескен жобалар Қырғызстан мен Қазақстанның өңірдегі позициясын нығайтып, халықаралық беделін арттыра алады?

- Екі елдің де өзінің мықты жақтары бар, оларды күшейту қажет. Мысалы, Қырғызстан таулы бағыттар бойынша тиімді орналасқан, туристік әлеуетке ие және энергетика, ауызсу және суармалық мақсатта бай гидроресурстарға ие. Қазақстан да Қырғызстанда жоқ бірегей артықшылықтарға ие. Біз осы мықты жақтарды күшейтетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруымыз керек, каналдар мен су қоймаларын салу, энергетиканы және туризмді дамыту сияқты. Нәтижесінде, мұндай бастамалар екі елге де айтарлықтай пайда әкеліп, өңірдегі экономикалық позицияны нығайтады және Қырғызстан мен Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар