Freedom Inside '26

Тоқаев Черногория президентімен келіссөз жүргізді

Тоқаев Черногория президентімен келіссөз жүргізді
Aqorda.Kz

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Черногория президенті Яков Милатовичпен келіссөздер өтті, деп хабарлайды Dala News.

Тәуелсіздік сарайында өткен ресми қарсы алу рәсімінен кейін мемлекет басшылары әуелі шағын, кейін кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

– Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Яков Милатович Қазақстанға жасаған алғашқы сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастайтынына сенім білдірді.

– Құрметті Президент! Ең алдымен Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз атап өткендей, бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі екенін білеміз. Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз, – деді ол.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

– Президент мырза, Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан нарығына шығуға мүдделі черногориялық компанияларға қолайлы жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.

– Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді ол.

Яков Милатович Қазақстан мен Черногория арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына тоқталды.

– Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын, – деді Черногория президенті.

Оның айтуынша, Черногория 2028 жылы Еуропа Одағына толыққанды мүше болуға үміттенеді.

Келіссөздер барысында тараптар сауда көлемін арттыру, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм, ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашуға қолдау көрсеткені үшін Яков Милатовичке алғыс білдірді.