Түркістан облысында 2 миллионнан астам халық тұрады. Ауа райы жылынған сайын өңірге келетін туристер мен тауда демалушылардың саны артады. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын облысқа келетін туристер мен демалушылардың саны 1 млн адамға жетеді. Оның ішінде тау бөктеріне баратындардың басым бөлігі өңірдегі ең әсем табиғатымен ерекшеленетін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тынығады.
Алайда тауда қауіпсіздік ережелерін сақтамаған альпинистер қиын жағдайға тап болады. Мұндай кезде оларға көмекке Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Леңгір қаласында, Төлеби ауданында орналасқан Жедел-құтқару жасағы шығады. Қазіргі уақытта жасақтың штаттық саны – 42 адам, оның ішінде 34-і құтқарушы, 4-і су құтқарушысы, 4-і кинологиялық есептегі мамандар. Ресми мәлімет бойынша соңғы 5 жылда облыстың таулы аймақтарында барлығы 37 іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде 128 адам құтқарылып, 11 адамның мәйіті табылған.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тауға шыққысы келетін демалушыларға алдағы уақытта қажетті нұсқаулықтар береді:
Таулы аймақтағы бақылау-өткізу пункттері болған жағдайда міндетті түрде тіркелу;
Барған аумақтың маршруттық картасын өзімен бірге алып жүру;
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барғанда ұйымдастырушылардың немесе гидтердің бастамасымен бірге жүру;
Таулы беткейлерде тек арнайы белгіленген маршруттармен жүру;
Өздеріңізбен жеткілікті мөлшерде су мен компас алу;
Бейтаныс маршрутпен ешқашан жол бастаушысыз тауға шықпау;
Қыста тауда қар көшкінінен, жазда құлап кететін тастардан сақ болу;
Егер тауға бірнеше күнге шықсаңыз, тәулік бойы жұмыс істейтін 112 құтқару қызметіне қоңырау шалуды ұмытпаңыз.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі