Қазақстанда аграрлық секторды қолдау ауқымды түрде жалғасуда

Қаракөз Амантай 22 там. 2025 17:14

Елдің аграрлық секторында өндірісті жаңғыртуға, қайта өңдеуді кеңейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірқатар негізгі бағдарламалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттарының бірі – егіс және жинау науқанына жеңілдетілген қаржыландыру болып отыр.

2025 жылы бұл мақсаттарға 700 млрд теңге бөлінген, жылдық мөлшерлеме – 5%. Қаржыландыру 2024 жылдың қарашасында басталған, бұл аграрийлер санын 3,5 мыңнан 14 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Қаражат тыңайтқыш, тұқым, өсімдіктерді қорғау құралдары, ЖЖМ сатып алуға және еңбек ақысын төлеуге бағытталады.

Бүгінгі таңда 500 млрд теңгеге 7 546 өтінім түсіп, оның ішінде 7 490 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылып, 7,8 млн гектар егістік жер қамтылды.

Сонымен қатар, отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске асырылуда. Қаржыландыру көлемі – 250 млрд теңге, жылдық мөлшерлеме – 5%. 2025 жылдың ақпанынан бастап 141,8 млрд теңгеге 3 387 лизинг шарты жасалды. Осы арқылы 6 614 бірлік техника сатып алынбақ. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы паркінің кемінде 6,5%-ы жаңаруы жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу тиімділігін арттыру үшін өңдеуші кәсіпорындарға айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие беру басталды. Бұл мақсатқа 44,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, жылдық мөлшерлеме – 5%. Қазірдің өзінде 14,4 млрд теңгеге 30 жоба қаржыландырылды, жүзден астам өтінім қаралуда.

Сонымен бірге, бордақылау алаңдарына ерекше көңіл бөлінуде. Оларды қолдауға шамамен 50 млрд теңге қарастырылған. Қаражат мал, жем-шөп, ЖЖМ сатып алуға бағытталады. Бағдарламаға қатысу үшін бордақылау инфрақұрылымы болуы және ІҚМ мен ҰҚМ мал басы ИСЖ-де тіркелуі қажет. Қазіргі уақытта 18,7 млрд теңгеге 33 өтінім бойынша құжаттар жиналуда.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы да жалғасуда. Оның ерекшелігі – жылдық 2,5% жеңілдетілген мөлшерлеме және агросекторды дамытудың кешенді тәсілі. 2023–2024 жылдары 163 жоба қаржыландырылды, соның ішінде 48 сүт-тауар фермасы іске қосылып, сүт өндірісі жылына 300 мың тоннаға артты. 2025 жылы 17 өңірде құс шаруашылығы, етті мал шаруашылығы және өнімді терең өңдеуді қамтитын 13 басым бағыт бойынша 141 инвестициялық жобаны қаржыландыру көзделіп отыр.


Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жоғары қосылған құны бар отандық өнімнің экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар