Талғардағы сот процесі: Қасымбаев ісі бойынша жәбірленуші сотта жауап берді

Көркем Алдабергенова 22 там. 2025 18:08

Талғар қаласында «Хутор» ҰҚТ құрамымен байланысы бар деп айыпталған Хасан Қасымбаев пен тағы бес адамның соты жалғасып жатыр. Айыпталушылар қатарында Руслан Алиев, Мадияр Калымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхамбет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров бар. Олар адам ұрлады, қасақана ауыр дене жарақатын салды және қорқытып ақша талап етті деген айыппен сот алдында жауап беруде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кезекті отырыста жәбірленуші Арман Алимов 2016 жылдан бері Қасымбаевты танитынын айтты. Оның сөзінше, айыпталушылардың барлығы бір-бірімен Сайлау Ақтанов арқылы танысқан. Алимов олар Қасымбаевпен бірге «ұнамайтын адамдармен есеп айырысқанын» жеткізді.

Алайда бұл сөздерге айыпталушылардың адвокаты қарсылық білдіріп, оның іс материалдарына қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Осыдан кейін жәбірленуші 2020 жылғы оқиғаға қатысты мәлімет берді.

Алимовтың айтуынша, оны маска киген адамдар үйінің маңындағы дүкен жанынан ұстап әкеткен.

«Ақтанов мені шақырды. Осы сәтте Калымжанов қолымнан ұстап алды. Ақтанов денемнен қысып ұстады. Басқалары аяғымнан тартып, аударып, ұра бастады. Есімнен танып, көліктің ішінде ояндым. Мені далаға алып шығып, жауап ала бастады», – деді ол.

Жәбірленушінің сөзінше, олар одан 2020 жылы болған атысқа қатысы бар-жоғын сұраған. Ол оқиғада айыпталушы Калымжанов жарақат алған еді. Сондай-ақ Алимов Алиевтің Қасымбаевқа қоңырау шалғанын, содан кейін оның тапсырмасымен соққыны телефонға түсіріп алғандарын айтты. Біраздан соң Қасымбаевтың өзі оқиға орнына келіп, көліктен шықпай: «Жетеді, кеттік, көзге түстік» дегенін еске алды. Осыдан кейін олар жәбірленушіні тастап кеткен.

Алимов өзін бейсбол таяғымен бүйрек пен аяқ тұсынан ұрғандарын айтты. Оның алған жарақаттарына қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысы кейін сотта мамандардың қатысуымен қаралатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар