Жапонияда ұзақ жасағандардың саны рекордтық деңгейге жетіп, 107 677 адамға жетті. Олардың 88%-ы – әйелдер. Бұл ретте елде туу көрсеткіші тарихи минимумға дейін төмендеп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жапония тарихында алғаш рет 100 жастан асқан адамдар саны 100 мыңнан асып, қатарынан 56-шы жыл рекорд жаңартты. Ұзақ жасағандардың басым бөлігі – әйелдер. Бұл өсім елдегі туу деңгейінің күрт төмендеуі аясында байқалып отыр. Бұл туралы CNN хабарлады.
Сейсенбі, 15 қыркүйекте Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі ұзақ жасағандар санының қатарынан 56-шы жыл өсіп отырғанын мәлімдеді. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша олардың саны 107 677 адамға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 8 мың адамға көп.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, ұзақ жасағандардың басым бөлігі – әйелдер. Олар жалпы көрсеткіштің 88%-ын немесе 94 298 адам. Денсаулық сақтау министрі Кэнъитиро Уэно бұл көрсеткішке оң баға беріп, журналистерге: «Осыншама адамның ұзақ уақыт бойы белсенді әрі дені сау өмір сүріп жатқанына өте қуаныштымын», – деді.
Дүниежүзілік банктің дерегіне сәйкес, Жапония өмір сүру ұзақтығы бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. 2024 жылы елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 84 жас болған. Салыстыру үшін АҚШ-та бұл көрсеткіш 79 жас.
Ғалымдар жапондардың ұзақ өмір сүруін дұрыс тамақтану мәдениетімен және дамыған денсаулық сақтау жүйесімен байланыстырады. Қалалардағы ұзақ жұмыс уақытымен танымал болғанына қарамастан, көптеген жапондық өмірдің мәні мен қуанышын табуға үндейтін «икигай» философиясын ұстанады.
Министрліктің мәліметінше, қазір елде әлемдегі ең қарт адамдардың бірі өмір сүріп жатыр. Киото қаласының тұрғыны Фуйо Кишимото 114 жаста болса, Кумамото префектурасының тұрғыны Хикару Като 112 жасқа келген. Алайда халықтың қартаюы әлемдегі төртінші ірі экономика саналатын Жапонияға қосымша салмақ түсіріп отыр. Қарттарға күтім көрсету шығындары артып, еңбекке қабілетті тұрғындар саны азаюда.
Ұзақ өмір сүретін жаңа буын қалыптасып жатқанымен, халқы 123 миллион адамды құрайтын Жапонияда тұрғындар саны қысқаруын жалғастырып келеді. Бұған туу көрсеткішінің тарихи ең төмен деңгейге түсуі себеп. Соңғы жылдары ел білікті мамандар мен жұмыс күшін тарту үшін шетелдіктерге есігін ашқан еді. Дегенмен кейінгі уақытта шетел азаматтарына қатысты теріс көзқарастың күшеюіне байланысты үкімет виза талаптарын қатаңдата бастады.