Астанада 2022 жылы Ақорда алдында митинг ұйымдастырған Марат Әбиевке қатысты тағы бір сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2025 жылы 14 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен "Болашақ сәулетшілері" қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды.
Марат Әбиев ұйымдасқан топты құру және басқару, сондай-ақ оған қатысу, мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз өңдеу,экономикалық контрабанда баптары бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ оның мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазымдарды атқаруына, қоғамдық бірлестіктерді құруға және басшылыққа алуға байланысты қызметпен 5 жыл мерзімге айналысуына тыйым салынды.
Оның сыбайластары - Антон Новицкий, Жанібек Дарибаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімі бойынша айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, олардың контрабандалық жолмен алынған 6 млрд теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, 2018-2022 жылдар аралығында аталған тұлғалар ұйымдасқан топ құрып, Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған "К-2" экологиялық класты дизель отынын өндірген.
"Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 млрд теңгеге сатылды, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылды. Нақтылай кетсек, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс арқылы "Genesis" (немесе "Болашақ сәулетшілері") атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметі қаржыландырылған", деп мәлімдеген сол кезде ҚМА.
Заңсыз қоғамдық бірлесік құрып, оны басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Марат Әбиев 7 жылға сотталған болатын. Ер адам бір топ адаммен бірге Ақорда алдына жиналып, өзінің жобасын мақұлдауды талап еткен.