Қазақстандық кәсіпқой боксшы, жеңілістің ащы дәмін татпаған Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан ресми түрде бас тартты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазақстандық боксшы салмақ дәрежесін көтеру туралы шешім қабылдап, енді екінші орта салмақта күш сынасады.
«Жәнібек Әлімханұлы маған өзінің жоғары салмақ дәрежесіне ауысатынын хабарлады. Бұдан былай ол екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Осыған байланысты Дензел Бентли WBO-ның толыққанды әлем чемпионы атанды», – деді Оливьери.
Осылайша, WBO ұйымының орта салмақтағы чемпиондық белбеуі британдық Дензел Бентлиге өтті. Бұған дейін ол уақытша чемпион мәртебесіне ие болған. Бентли бұл титулды 4 сәуірде венесуэлалық Эндри Сааведраны жетінші раундта мерзімінен бұрын жеңу арқылы иеленген болатын.