“Заң мен тәртіп” идеологиясы аясында қылмыстың алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр – сарапшы пікірі

Қаракөз Амантай 26 жел. 2025 11:35

“Заң мен тәртіп” идеологиясы аясында Қазақстанда кейінгі алты жылда қылмыс деңгейі 52%-ға төмендеді. Биылдың өзінде қылмыстық құқық бұзушылықтар 5,7%-ға азайған. Мұның артында жазалау шаралары ғана емес, профилактика, цифрлық бақылау, қоғаммен жұмыс және әлеуметтік факторлардың кешенді ықпалы тұр. Бұл туралы Жетісу облысы Жастар ресурсы орталығының басшысы Шамиль Ванкеев Dalanews.kz редакциясына берген пікірінде мәлімдеді.

Ванкеевтің айтуынша, “Заң мен тәртіп” концепциясының негізгі мәні – қоғамда заңға деген құрметті арттыру, қылмыстың алдын алу және азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету.

“Бұл мәселені тек жазалау арқылы емес, алдын алу, түсіндіру және тәртіп орнату арқылы шешу маңызды. Концепция Конституцияға, Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге, сондай-ақ құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты заңнамаларға негізделген”, – дейді ол.

Ванкеев концепцияның құқықтық мемлекет қағидаттарына толық сәйкес келетінін атап өтті.

“Негізгі мақсат – заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру. Тәртіп орнату кезінде адам құқықтары шектелмеуі керек. Осы баланс сақталуы маңызды”, – деді ол.


Ол отбасылық-тұрмыстық зорлыққа қарсы заңнаманың күшеюі жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтып, мәселені жабық тақырыптан ашық қоғамдық проблема деңгейіне шығарғанын атап өтті.

“Қорғау нұсқамалары мен алдын алу шаралары нақты жұмыс істей бастады. Полиция, әлеуметтік қызметтер және дағдарыс орталықтарының өзара байланысы айқын жақсарды”, – деді ол.

Оның сөзінше, Жетісу облысында жастармен құқықтық мәдениет бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, оқу орындарында түсіндіру кездесулері, интернет-алаяқтық пен есірткіге қарсы профилактика, түнгі рейдтер, спорттық және әлеуметтік жобалар белсенді жүзеге асырылуда.

“Адал азамат” операциясы қоғамдық тәртіпті сақтау мен ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. “Saqtan” акциясы мерекелік кезеңдерде жастардың қауіпсіздігіне және тәртібіне бақылау жүргізсе, “Legal Talk: ашық микрофон” форумы жастар мен құқық қорғау органдары басшыларының ашық диалогын қамтамасыз етеді”, - дейді ол.

Ванкеевтің айтуынша, өңірде бейнебақылау, жедел басқару орталықтары және цифрлық талдау жүйелері белсенді қолданылып, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге, қылмыстың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

“Дегенмен бұл жүйелерді қолдануда адам құқығы мен дербес деректерді қорғау ерекше назарда болуы қажет”, - деп қосты ол.

Азаптау мен құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытында қоғамдық мониторинг, прокурорлық қадағалау және профилактикалық бақылау күшейтілген. Нәтижесінде процестік тәртіпке көңіл бөлініп, шағымдарды қарау тетіктері ашық бола түскен. Ең бастысы, жауапкершілік пен ашықтық деңгейі артқан.

“2025 жылдың басынан бастап Жетісу облысында құқықтық мәдениетті арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында 403 іс-шара ұйымдастырылып, 25 мыңға жуық жастар қамтылды. Іс-шаралар облыстың барлық аудан-қалаларын қамтып, Жетісу облысының Прокуратурасы, полиция департаменті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті және білім беру ұйымдарының серіктестігімен өткізілді. Олардың мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, заңгерлік көмек көрсету, есірткі қылмысының алдын алу, кибералаяқтық пен булинг, гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру”, - дейді ол.

Ванкеевтің сөзінше, алдағы уақытта басты назар жастармен жұмысты күшейтуге, цифрлық қауіпсіздікті дамытуға және қоғамды құқықтық мәдениетке тартуға аударылады. Ол қылмысты азайту тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар