Жамбыл облысында балағат сөздер үшін бірнеше рет жауапқа тартылған стример психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
TikTok желісінде "Золотая женщина" лақапатымен танылған Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Қасымова тікелей эфирлер барысында балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бірнеше мәрте ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, әйел мұндай әрекетін жалғастыра берген. Ол өзінің кәмелетке толмаған балаларына да балағат сөздер айтқан.
Полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары, басқа да мүдделі қызметтер балалар қалай тұрып жатқанын тексерген. Қазір балалар әкесінің қарауында.
"Жедел медициналық жәрдем бригадасының тексеруінен кейін Лайло Қасымова ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды", - деді полиция.