Freedom Inside '26

Жамбыл облысында бұрынғы полиция басшылары сотталды

Жамбыл облысында бұрынғы полиция басшылары сотталды
gov.kz

Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев пен Талас аудандық полиция бөлімінің экс-басшысы Еркен Абаев қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот қандай шешім шығарды

Orda.kz мәліметінше, іс бойынша бұрынғы полиция қызметкері Дархан Уәлиев жәбірленуші ретінде танылған. Мемлекеттік айыптаушы Жайдарбек Құттыбаевты 6 жылға, ал Еркен Абаевты 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот бұл талаптарды қанағаттандырып, екеуіне де мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салды.

Қандай баптар бойынша кінәлі деп танылды

Сот Жайдарбек Құттыбаевты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары бойынша («Лауазымдық жағдайын пайдалана отырып, ірі көлемде жасалған алаяқтық») кінәлі деп таныды.

Ал Еркен Абаев Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі («Қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысушылардың түрлері») және 367-бабының 2-бөлігі («Елеулі мөлшерде пара беру») бойынша сотталды.

Сот үкімімен сотталғандарға мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында, бақылау және қадағалау құрылымдарында, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Іс қалай басталды?

2025 жылдың қыркүйегінде Жайдарбек Құттыбаевқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқаны белгілі болған еді. Редакция дереккөздерінің мәліметінше, тексеру полиция қызметкері Дархан Уәлиевке қатысты кадрлық шешімдермен байланысты болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Дархан Уәлиев Еркен Абаев пен оның жетекшісі Жайдарбек Құттыбаевтың үстінен арыз жазған. Абаевтың облыстық полиция басшылығының орынбасарына белгілі бір мәселені шешу үшін жүгінгені айтылған.

Сондай-ақ хат алмасу Абаев пен Уәлиев арасында жүргені, ал Құттыбаевтың бұл диалогқа тікелей қатыспағаны хабарланған. Тексеру қорытындысынан кейін Жайдарбек Құттыбаев қызметінен шеттетіліп, кейін ұсталды. Ал сол кезде Еркен Абаевқа іздеу жарияланған болатын.