"Жалақым 50 мың болған". Ангелина Лукас Михаил Шайдоровты қолдады

"Жалақым 50 мың болған". Ангелина Лукас Михаил Шайдоровты қолдады
Фото: instagram

Қазақстандық танымал боксшы Ангелина Лукас Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақыға қатысты мәлімдемесіне қолдау білдірді. Спортшы бұл туралы Instagram-парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Лукастың айтуынша, мұндай жағдай оған да таныс.

«Михаил Шайдоровтың бес айға жуық уақыттан бері жалақы алмағаны туралы оқыдым. Бұл мені таңғалдырмайды. Менің де Қазақстан құрамасында жүргенде дәл осындай жағдай болды. Құрама көшбасшыларының бірі болсам да, маған небәрі 50 мың теңге төлейтін», – деді ол.

Боксшының сөзінше, спортшылар мәселені ашық айтқанда, көбіне қолдау емес, қысымға тап болады.

«Ең қорқыныштысы – спортшы шындықты айтқанда немесе жүйеге қарамастан нәтиже көрсеткенде, қолдаудың орнына қысым, қудалау және тапсырыспен жазылған мақалалар басталады. Мен мұны өз басымнан өткердім: мен туралы ақпараттарды ортақ чаттарға таратып, жаппай шабуыл жасауға үндеген», – деді Лукас.

Еске салайық, бұған дейін Михаил Шайдоров жарты жылдан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеген болатын. 

Шайдоровтың айтуынша, әкімдік пен Ақордадағы салтанатты қабылдаулардан кейін оған жалақы төлеу тоқтаған.