Михаил Шайдоров жарты жылдан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеді

Михаил Шайдоров жарты жылдан бері жалақы алмай жүргенін мәлімдеді
Фото: ҰОК

Олимпиада чемпионы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алты айға жуық уақыт бойы жалақы алмағанын мәлімдеді. Спортшы бұл жағдайды өзі бұған дейін Спорт министрлігін сынаған пікірлерімен байланыстырады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шайдоровтың айтуынша, әкімдік пен Ақордадағы салтанатты қабылдаулардан кейін оған жалақы төлеу тоқтаған.

Еске салсақ, бұған дейін министрлік 2025 жылы спортшының қанша көлемде жалақы алғанын жариялаған еді. Бұл жағдай Михаил Шайдоровтың наразылығын тудырған. Оның сөзінше, шенеуніктер осылайша өзінің және отбасының көпжылдық еңбегін құнсыздандырып, Олимпиада алтынындағы өз рөлдерін ерекше көрсеткісі келген.

Сонымен бірге спортшы 2023–2024 жылдары дайындыққа кеткен негізгі шығындарды өзі мен демеушілері көтергенін айтты. Оның сөзінше, бағдарламаларды дайындау, костюм тіктіру және басқа да шығындарды жеке өзі қаржыландырған.

— Осы мәселе туралы ашық айтқаннан кейін мені жазалағысы келгендей әсер қалды. Олимпиададағы жеңісіме бес ай болды, бірақ әлі күнге дейін жалақы алған жоқпын. Бұл маған түсініксіз. Қазір келесі маусымға дайындалуым керек, алайда оны қалай жүзеге асыратынымды білмеймін. Жаттығу жиындарының мерзімі бекітілген, жаңа бағдарламаларды әзірлеу уақыты да жоспарланған. Бағдарламаларға кететін шығындарды өтей ме деп бірнеше рет сұрадық. Бірақ бір жауапты адам бір нәрсе айтса, екіншісі мүлде басқа жауап береді, — деді ол журналист Тимур Балымбетовке берген сұхбатында.

Сондай-ақ спортшы 1 ақпаннан бастап медициналық бақылаусыз қалғанын жеткізді. Оның айтуынша, команда құрамындағы дәрігер қызметтен кеткен.

Өз кезегінде ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы спортшыларға төлемдер қолданыстағы келісімшарттар мен халықаралық жарыстарға дайындық шарттарына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақысы бұрын жасалған келісімшарт негізінде толық көлемде төленген.

Ал 2026 жылдың наурызынан бастап Миландағы Олимпия ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін спортшымен жаңа келісімшарт жасау жоспарланған. Жаңартылған құжатта келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландыру шарттары қайта қаралады. Қазіргі уақытта келісімшарт талаптары тараптар арасында талқыланып жатыр.

Министрлік мұндай тәжірибе жаңа олимпиадалық циклге дайындалатын барлық спортшыларға қолданылатынын және мемлекеттік қаржыландыру жүйесіндегі қалыпты рәсім екенін атап өтті.

Сонымен қатар ведомство мемлекет өз міндеттемелерін толық орындайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Олимпия ойындарының алтын жүлдесі үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беру, Алматыдан үш бөлмелі пәтер табыстау және заңнамаға сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем тағайындау қарастырылған.