Түркиялық кәсіпкер Қазақстанның жүргізіп отырған инвестициялық саясатын оң бағалап, екіжақты қарым-қатынасты арттыру қажеттігіне назар аударды.
— Біздің өндірістік аймақта орын тепкен бірқатар кәсіпорын басшыларымен бірігіп, алдағы шілде айында Қазақстанға жұмыс сапармен баруды жоспарлап отырмыз. Оның аясында қазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара іскерлік байланыстарды тереңдетпекпіз. Түркия мен Қазақстанның сауда-экономикалық әлеуеті өте зор. Бұл мүмкіндіктерді қос елдің іскер топ өкілдері тиімді пайдалануы тиіс деп есептеймін, – дейді Түркиядағы «Эскоп» өндірістік аймағының төрағасы Юсуф Ақгюн.
Жалпы Түркістан – инвесторлар үшін тартымды өңір. Мәселен мұнда еліміз бойынша жалғыз «Қазақ-түрік» индустриалды аймағы жұмыс істейді.
Бүгінде аталған аймақта бауырлас елмен бірлескен құны 25 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 900 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аталған жобалар кезең-кезеңімен 2020 жылға дейін іске қосылатын болады.
Қазақстан мен Түркия елдерінің арасындағы тауар айналым бүгінде 2 млрд АҚШ доллар шамасында болса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізу көзделуде. Бұл жөнінде дипломатиялық байланыстың 25 жылдығы аясында қос мемлекеттің көшбасшылары өткен жылы Астана қаласында болған кездесуде айтқан болатын.
Түркия негізінен Қазақстанға текстиль, тамақ өнеркәсібі мен құрал-саймандар импорттаса, олар Қазақстанның мұнайы мен металдарына, химия өнеркәсібі өнімдеріне ерекше қызығушылық танытып отыр.