И.Тасмағамбетов: «Қазақ тілі өзге емес, өзімізге керек екенін түсінбей келеміз»

Dalanews 02 жел. 2016 07:44 955

Астанада өткен Республикалық жастар Форумының пленарлық отырысында жастар ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтен еліміздегі үш тұғырлы тіл саясатына қатысты пікірін сұрады.

Вице-премьердің айтуынша, орыс тілі кешегі отаршылық заманнан бастап қанымызға сіңген тіл. Ол халқымызға әлемнің білім есігін ашқан тіл. Сондықтан, бұл бәрімізге түсінікті нәрсе.

– Ал, ағылшын тілі бұл болашақтың тілі. Жалпы техника, технология, өркениеттен қалмаймыз десек, міндетті түрде ағылшын тілін білуіміз керек. Бұл тіпті шартты түрде білуіміз керек. Оны біреу түсінуі мүмкін, біреу түсінбеуі мүмкін. Бірақ жастар, сіздер шетте оқып келген жастар, басқа мемлекеттерде тіл мәселесі қалай дамыды, зерттеу жұмыстары, технологиялар, тағы басқамен танысып келген жастар оны білесіздер, түсінесіздер. Сіздер қолдайсыздар деп білемін, – деді Иманғали Тасмағамбетов үштұғырлы тіл саясатына қатысты жауабында.

Вице-премьер тіл саясатына келгенде өзекті болып отырған мәселе – ол ана тілінің дамуы жөнінде екенін айтты. Ол осынау 25 жылдың ішінде Елбасының тапсырмасы бойынша үкімет қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін біршама жұмыстар атқарғандығын атады.
– Біріншіден, заң қабылданып, қажетті қаражат бөлінді. Мамандар дайындалды. Бүгінгі күні қарап отырсаңыздар, Парламенттегі жаппай жиындардың барлығы қазақ тілінде өтеді. Үкіметтің мәжілісі қазақ тілінде өтеді. Бірақ, бір нәрсе түсініксіз. Біз осы күнге дейін, қазақ тілі өзге емес, өзімізге керек екенін түсінбей келеміз. Жалпы қазақ тілі деген халықтың жаны. Бұдан артық айта алмайсың, – деп мәлімдеді жастар Форумының пленарлық отырысында сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.

И.Тасмағамбетов жиналған жастарға тіл мәселесі көтерілгенде Елбасының 25 жыл бойы айтып жүргені – ол ең алдымен «қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуі» екенін айтты.
– Міне мәселе осында. Біз өз тілімізді өзіміз құрметтесек, біз оған шын мәнінде жанашырлық білдірсек қана тілдің болашағы болады. Тіл бар жерде қазақ бар. Тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Сондықтан тіл мәселесіне келгенде бар сенетініміз – жастар, сіздер, –  деп қадап айтты Иманғали Тасмағамбетов.

Дереккөзі: baq.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар