Ислам даму банкі Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға $2 млрд дейін бағыттайды

Dalanews 10 шіл. 2024 13:48 3605

OPEC Халықаралық даму қорының даму форумында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Араб координациялық тобына кіретін исламдық даму институттарымен бірнеше екіжақты кездесулер өткізді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ислам даму банкі арасындағы Негіздемелік бағдарламалық келісімге қол қойылды.

Келісім ағымдағы жылы су шаруашылығы және көлік салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін ұзақ мерзімді инвестициялар тарту туралы бұрын қол жеткізілген келісімдерді бекітті. Осы мақсатта Ислам даму банкі 2 миллиард АҚШ долларына дейін қаржы бөледі.

Су шаруашылығы және ирригация министрлігі биыл қаржыландыруға дайын 16 жобаны дайындады. Олардың ішінде су қоймаларын, бөгеттерді, ирригациялық каналдарды, контрреттеушілерді және ілеспе инфрақұрылымды салу және қайта құру жобалары бар. Көлік министрлігі республикалық маңызы бар автожолдарды ұзындығы 500 км-ден астам қайта құру және салу бойынша 4 жобаны ұсынды.

Келісім табысты іске асыру және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлескен жобалардың орындалуын тұрақты консультациялар және мониторинг арқылы қамтамасыз етуді қарастырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар