Ұлытау облысының тұрғыны үйін жөндеу кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс дәуіріне тиесілі сирек тарихи қару тауып алды, деп хабарлайды dalanews.kz "Polisia.kz"-ке сілтеме жасап.
Оқиға Жаңаарқа ауданында болған. Жергілікті тұрғын сатып алған ескі үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында көне мылтыққа тап болып, оны бірден полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Тексеру барысында табылған бұйымның әйгілі америкалық конструктор Джон Мозес Браунинг жасаған Browning Auto-5 тегіс ұңғылы жартылай автоматты мылтығы екені анықталды. Мамандардың мәліметінше, бұл қару 1898 жылы құрастырылып, 1905 жылдан бастап әскери құрылымдар мен құқық қорғау органдарының қолданысына енгізілген. Сонымен қатар, аталған модель Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де кеңінен пайдаланылған.
Қазіргі таңда қаруға қатысты баллистикалық сараптама тағайындалды. Мамандар оның нақты шығарылған уақытын және қандай да бір құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Полиция қызметкерлері қаруды өз еркімен тапсырған азаматқа алғыс білдіріп, мұндай әрекет қоғам қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың үлгісі екенін атап өтті.
Тәртіп сақшылары заңсыз сақталған қару-жарақтарды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың әрекеттерінде өзге құқық бұзушылық белгілері болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды.