Қазақстанның Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтық деректерінің көбейіп бара жатқанын ескертті. Әсіресе "инвестиция", "жобаға қаржы салу" арқылы жылдам әрі кепілді табыс уәде ететін схемалар жиілеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полицияның мәліметінше, алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде дипфейк пен жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, танымал адамдардың бейнесін қолдану арқылы азаматтарды жалған "инвестициялық жобалар" мен "қорларға" тартуда.
"Жалған брокерлермен байланысқа түскен азаматтарға мобильді қосымшалар орнату, сілтемелерге өту немесе үшінші тұлғалардың есепшоттарына "инвестиция", "аккаунтты белсендіру" не "пайданы арттыру" деген желеумен ақша аудару ұсынылады. Қаражат аударылғаннан кейін алаяқтар байланысын үзіп, уәде етілген табыс түспейді. Кей жағдайда олар "салық", "комиссия", "сақтандыру жарнасы" деген сылтаумен тағы да ақша талап ете береді", - деп хабарлады ІІМ.
Осыған байланысты ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарға мынадай кеңес береді:
- "кепілді табыс" туралы уәделерге сенбеу;
- белгісіз адамдарға және күмәнді есепшоттарға ақша аудармау;
- күдікті сілтемелерге өтпеу;
- тексерілмеген көздерден қосымшалар орнатпау;
- компаниялар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер мен мемлекеттік реестрлер арқылы тексеру;
- инвестициялық нарықты зерттеп, тек сенімді әрі ресми компанияларға жүгіну.
ІІМ интернет-алаяқтықпен күресті жалғастырып, азаматтарды онлайн қаржылық операциялар кезінде барынша сақ болуға шақырады.
