Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсету бағытында маңызды қадам жасалды. Білім беру саласында алғаш рет инклюзивті орта құруға арналған психологиялық-педагогикалық қолдаудың бірыңғай мемлекеттік стандарты дайындалды. Бұл құжат ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алу құқығын шынайы жүзеге асыруға жол ашпақ.
Бүгінде елімізде 230 мыңнан астам бала ерекше білім беру қажеттілігімен өмір сүріп жатыр. Бұл жай статистика емес – әр баланың жеке тағдыры, жанұясы, болашағы. Осы балаларға тек жанашырлық емес, жүйелі қолдау қажет. Жаңа стандарт сол қолдауды нақтылайтын және біріздендіретін маңызды құжат болып отыр.
Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бұтабаева былай дейді: «Бұл құжат – ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білімге тең қол жеткізу жолындағы маңызды қадам. Қазір біз мұнымен қатар балаларды кешенді қолдау жөніндегі заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Ол отбасы мен баланы түрлі сала мамандарының бірлесіп сүйемелдеуі үшін институционалдық және құқықтық негіз қалыптастырады».
Құжатта баланы ерте жастан бастап, кәсіби білімге дейін үздіксіз сүйемелдеу, оқу процесін бейімдеу, қажетті мамандармен қамтамасыз ету, ортаға бейімдеу сынды кешенді талаптар белгіленген. Ең бастысы – жауапты құрылымдар мен мамандардың міндеті заңнамалық тұрғыдан нақтыланды.
Инклюзияны жай ғана баланы орта мектепке қабылдау деп түсінуге болмайды. Бұл – мектептің бейімделуі, мұғалімдердің арнайы әдіс-тәсілдерді меңгеруі, ата-ананың қолдау табуы, оқушының өзін жайлы сезінуі. Ата-аналар үшін де бұл – үлкен жауапкершілік пен сын. Ерекше баланы тәрбиелеу – жүйке мен жүрекке салмақ салатын ауыр еңбек. Сондықтан оларға тек ақпарат емес, моральдық және психологиялық қолдау да ауадай қажет.
Лаура Бұтабаева атап өткендей, қазіргі таңда осы санаттағы балаларды қолдау үш деңгейлі жүйе арқылы жүзеге асып жатыр. Бұл – бала туылғаннан бастап, мектепке дейінгі, бастауыш және кәсіби білім беру кезеңдерін толық қамтитын, құрылымы жағынан нақты әрі икемді жүйе. Оның сөзінше, мұндай тәсіл ерекше балалардың білім мен қоғамға бейімделуін үздіксіз қолдауға мүмкіндік береді.
Мектеп те дайын болуы керек. Бұл тек пандус пен лифт орнатумен шектелмейді. Арнайы мамандар, бейімделген оқу бағдарламасы, шыдамды ұстаз – осының бәрі бір баланың болашағын қалыптастырады. Баланы қабылдаған сыныптастарға да түсіндіру, тәрбиелеу жұмысы қатар жүруі керек. Өйткені инклюзия тек білім емес, қарым-қатынас мәдениеті.
Мұғалім – инклюзияның негізгі діңгегі. Сондықтан педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші секілді жаңа лауазымдар енгізіліп жатыр. Бұл – қуантарлық қадам. Бірақ ол мамандарды дайындау, үздіксіз оқытып отыру – енді назардан тыс қалмауға тиіс мәселе.
Осы ретте Лаура Бұтабаева атап өткендей, қазіргі инклюзивті жүйенің табысты болуы ең алдымен кадр дайындығына байланысты. «Мұғалімдер, логопедтер мен психологтар арнайы білім алып, инклюзия қағидаларын нақты түсініп, қолдана алуы керек. Бұл – формальды емес, сапалы өзгеріс кезеңі», – дейді ол.
Жаңа стандарттың қабылдануы – мемлекеттің ұстанымын білдіреді. Бұл тек қағаз жүзіндегі өзгеріс емес, бұл – сананы өзгертудің бастауы. Қоғам мүгедектігі бар баланы шеттететін емес, қолдайтын, ортақ ортада қатар көретін деңгейге көтерілуі керек. Өйткені бұл – адамгершіліктің өлшемі.
Инклюзия – қайырымдылық емес. Бұл – әділет. Әр балаға мүмкіндік беру – тек сол балаға емес, бүкіл қоғамға жасалған инвестиция. Ерекше балаға білім беру – болашақта бәрімізге ортақ береке.