Инклюзия және адамгершілік мәдениеті: Көру қабілеті шектеулі адамдарға қалай дұрыс көмектесу керек?

Ақтоты Жапатова 23 қаз. 2025 14:07

Қазіргі әлемде «жаңа этика» ұғымы күшейіп келеді. Ол — төзімділік, тең құқықтылық және әртүрлілікті қабылдау қағидаттарына негізделген. Сол ұстанымдардың маңызды бөлігі — инклюзия, яғни қоғамнан шет қалған адамдарды әлеуметтік өмірге толықтай тарту үдерісі, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Инклюзия» сөзі латынның includo — «қосу», «енгізу» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғым көбінесе ерекше білім беруді қажет ететін немесе денсаулығында шектеуі бар адамдарды қоғам өміріне тартумен байланысты айтылады. Бірақ қазіргі заманғы түсінікте инклюзияның аясы әлдеқайда кеңейді — ол жыныстық, этникалық, әлеуметтік және мәдени теңдікті де қамтиды.

Инклюзия – қайырымдылық емес, қоғамның өркениетті даму сатысына өтуінің табиғи талабы. Яғни адамды қоғамға бейімдеу емес, қоғамды адамға бейімдеу. Осы орайда, көру қабілеті шектеулі жандарға дұрыс көмектесу жолдарын ұсынуды жөн көрдік.

Көптеген адамдар көшеде немесе қоғамдық көлікте көзі көрмейтін адамды көріп, көмектескісі келгенімен, қалай дұрыс әрекет ету керектігін білмей, ыңғайсызданып тұрады. Шын мәнінде, арнайы дайындықтың қажеті жоқ — бастысы әдеп пен сыйластық.

Көру қабілеті шектеулі адам да — сіз бен біз секілді толыққанды қоғам мүшесі. Сондықтан ең маңыздысы — онымен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау.

Көмектің қарапайым әрі дұрыс тәртібі

Егер сіз көру қабілеті шектеулі адамға көмектескіңіз келсе, келесі қарапайым қадамдарды орындаңыз:

  1. Жақындап, амандасыңыз. Алдымен өзіңізді таныстырыңыз және көмектесуге рұқсат сұраңыз.

  2. Рұқсатсыз ұстамаңыз. Күтпеген жанасу адамды шошытып жіберуі мүмкін. Алдымен «Сізге көмектесуге бола ма?» деп сұраңыз.

  3. Келісім алсаңыз — жеңіл жанасып бағыттаңыз.. Ең ыңғайлы тәсіл — адамның сіздің шынтағыңыздан ұстауы. Бұл оның қозғалысын бақылауға және кедергілерді сезуге мүмкіндік береді.

  4. Жол бойы бағыт беріңіз. Баспалдақ, бордюр немесе бұрылыстар туралы алдын ала ескертіңіз. Мысалы, «үш баспалдақ жоғары аттаймыз» немесе «солға бұрыламыз».

  5. Көмегіңіз қажет емес болса — құрметпен қабылдаңыз. Көру қабілеті шектеулі адамдардың көбі өз бетінше қозғала алады. Егер адам көмектен бас тартса, қысым жасамаңыз.

  6. Қоштасқанда міндетті түрде айтыңыз. Сіз кетіп бара жатқаныңызды ескертпесеңіз, адам сіздің әлі жанында тұр деп ойлап қалуы мүмкін.

Не істеуге болмайды?

  • Адамды қатты ұстамаңыз және рұқсатсыз сүйремеңіз.

  • «Көзің көрмейді ғой», «мүмкін емес шығар» деген қатқыл ескертпелер айтпаңыз.

  • Егер жанында ит-қамқоршысы болса, онымен сөйлеспеңіз және сипамаңыз. Ол — жұмыс үстінде.

  • Адамды тастап кетер алдында міндетті түрде «Мен кеттім, жолыңыз болсын» деп айтыңыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар