Freedom Inside '26

Қазақстандықтар отбасын құруға асықпайтын болған

Қазақстандықтар отбасын құруға асықпайтын болған
ашық дереккөз

Қазақстанда кейінгі 10 жылда неке саны шамамен 22 пайызға азайған. Бұл туралы 15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне орай Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметте айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ресми дерекке сәйкес 2015 жылы елде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Сонымен қатар, некелесу коэффициенті де азайған. Мәселен, 2015 жылы әр 1000 адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69 болған.

Өңірлер арасында ең жоғары некелесу коэффициенті Астанада байқалған: 1000 адамға 6,75 неке. Ал ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында: 5,06. Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 5,1 болған.

Статистикаға сүйенсек, елдегі некелесу деңгейінің ең жоғары кезеңі 2012-2013 жылдарға сәйкес келеді. Ол уақытта әр 1000 адамға шаққанда 9,8-9,9 неке тіркелген.

Мамандар мұндай өзгеріске бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Соның бірі - демографиялық толқын. Яғни 1990 жылдардың соңында туу көрсеткіші төмен болған кезеңде дүниеге келген буын қазір отбасы құратын жасқа жеткен. Бұдан бөлек, жастар арасында некеге кеш тұру үрдісі де байқалады. Кейінгі 10 жылда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлерде 27,9 жасқа, әйелдерде 25,3 жасқа дейін ұлғайған.