«Инклюзивті білім: қажеттілік және қамтамасыздық» курсы өтті

Dalanews 03 жел. 2021 11:43 891

Білімге салынған инвестиция – ең тиімді әрі қайтарымы мол инвестиция екені белгілі. Сондықтан әр мемлекет білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянып қалмайды. Бұл қатарда еліміз де бар. Осы мақсатта ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру; тұлғаны оқыту мен тәрбиелеу барысында жалпы адамзаттық құндылықтарға мән беру; ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін ұлғайту. Осы межеге қол жеткізудың 5 басым бағыты мен 11 ауқымды жүктемесі нақтыланған.

Аталған бағдарламада біліктілікті арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да құзыреттердің оңтайлы арақатынасын қамтитыны, курстардың бағдарламалары педагогтің алған білімдері мен дағдыларын педагогикалық ұжымда каскадтық таратуды қамтамасыз етуге арналған компоненттен тұратыны, курс бағдарламаларының сапалы мазмұны білім алушылар білімдерінің сапалы өсуіне ықпал ететіні тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетілген.

Бағдарлама аясында жүктелген міндетті орындауда арнайы мекемелер де қалыс қалып жатқан жоқ. Айталық, 2021 жылдың 29 қарашасы​ мен 3 желтоқсаны аралығында Білім мазмұнын дамыту институтының ұйымдастыруымен жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында орта білім беру ұйымдарының ұстаздарына арналған «Инклюзивті білім: қажеттілік және қамтамасыздық» курсы өтті.

Курс спикері А.Чулембаева орта білім беру ұйымдарының ұстаздарына инклюзивті білім берудің қыр-сырын жеткізді. Әрбір баламен жеке жұмыс істеу, жеке жұмыс жоспарын құру, пән мұғалімдерінің балаға арақатынасы сынды тақырыптарда сөз қозғалды. Орта білім беру ұйымдарының ұстаздары толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті жауаптарын алды. Курсқа қатысушыларға институт директоры Б.Айткаримов сертификат табыстады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар