Инклюзивті білім беру – қоғам дамуының негізі

Dalanews 11 қыр. 2025 17:31

Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Бұл бағыт мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ғана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір балаға, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да сапалы білімге тең мүмкіндік жасау – әділетті қоғам құрудың басты шарты. Сондықтан бүгінде елімізде кешенді жұмыстар жүргізіліп, инклюзияны ілгерілетуге арналған нәтижелі жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда.

Елімізде инклюзивті білім беруді ілгерілету жолында шешуші рөл атқарып отырған жетекші мекемелердің бірі – ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы. 1992 жылы құрылған бұл орталық ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың сапалы білімге қол жеткізуіне ғылыми және әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Орталық тек диагностика жүргізумен шектелмей, оқыту мен тәрбиелеудің заманауи үлгілерін әзірлеп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

Бүгінде елімізде ерекше балалардың қатары 240 мыңнан асып отыр. Бұл көрсеткіш жай ғана статистика емес, мемлекет пен қоғамға үлкен жауапкершілік жүктейтін фактор. Мемлекет осы міндетті атқару үшін нақты қадамдар жасауда. «Білім туралы» Заңда әр баланың білім алу құқығы заңмен кепілдендірілген болса, қазір «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) қолдау жөніндегі» арнайы заң жобасы әзірленуде. Бұл құжат баланы туған күнінен бастап кәмелетке толғанға дейін кешенді сүйемелдеуге бағытталған.

Инклюзияны дамытудағы маңызды жаңалықтардың бірі – 2021 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің штаттық кестесіне педагог-ассистент лауазымының енгізілуі. Бұл мамандар баланы дербес білім алуға дейін жеке сүйемелдеп, оқу процесінде ғана емес, әлеуметтік ортаға бейімделуіне де ықпал етеді. Бүгінде педагог-ассистенттердің қатары 3 500-ге жетті. Олар енді тек мектепте емес, мектепке дейінгі ұйымдарда және техникалық, кәсіптік білім беру орындарында да қызмет етеді. Сонымен бірге, жалпы білім беру ұйымдарының штаттық кестесіне арнайы педагог енгізіліп, мектептің психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің негізгі буынына айналды.

Мұндай жаңашылдықтар тек кадрлық қолдаумен шектелмейді. 2022 жылы ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидалары мен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қағидалары бекітіліп, соның негізінде үш деңгейлі жаңа модель енгізілді. Енді алғашқы сатыда мұғалімдер сыныптағы балаларға жеке әрі дифференциалды тәсілдерді қолдана отырып, олардың мүмкіндігіне қарай білім береді. Келесі деңгейде мектептің психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мамандары түзетуге және дамытуға бағытталған жеке бағдарламаларды іске асырады. Ал үшінші деңгейде сурдопедагог, тифлопедагог, клиникалық психолог секілді арнайы мамандар тартылып, қажет жағдайда басқа да мүдделі мекемелермен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Осыған қоса, қолдау кабинеттері мен жеке оқу бағдарламаларына жаңа талаптар бекітіліп, ерекше балалардың сапалы білім алуына қосымша жағдай жасалды. Бұл – жүйеленген әрі халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін тиімді үлгі болып отыр.

Инфрақұрылымдық тұрғыдан да елеулі өзгерістер байқалады. Қазіргі таңда елімізде 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 110 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 230 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК), 11 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы бар. Соңғы жылдары инклюзивті кабинеттердің саны айтарлықтай артып, бүгінде 1 051-ге жетіп отыр. Мұндай қадамдар қоғамда инклюзивті білім беруге деген сенімді нығайтты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі мектептердің 91 пайызы ерекше балаларға қолайлы жағдай жасаған. Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 73 990 бала инклюзивті ортада білім алуда.

Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетуді назардан тыс қалдырмайды. Соңғы екі жылда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес орталықта 83 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен, 15 әдістемелік ұсыным және 67 типтік оқу бағдарламасы әзірленіп, мектеп тәжірибесіне енгізілді. Сонымен қатар, 2023–2024 жылдары орталықта 1 623 педагог біліктілігін арттырды. Бұл салада біліктілігін жетілдіргісі келетін педагогтердің қатары жыл сайын артып келеді. Мұның өзі кадр әлеуетін нығайтудың маңызды көрсеткіші болып табылады.

Инклюзивті білім беру – қоғамдағы әділеттілік пен тең мүмкіндіктің айқын көрінісі. Әр балаға сапалы білім алу мүмкіндігі жасалғанда ғана елдің адами капиталы артып, өркениетті қоғам қалыптасады. Мемлекет пен қоғамның ортақ мақсаты – осы мүмкіндікті барша бала үшін қамтамасыз ету.

Лаура Бұтабаева, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар