Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің 9 мамыр қарсаңында ұсынылған атысты тоқтату режимін бұзып, Украина аумағына шабуылдарын жалғастырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Ресей біздің бітім туралы ұсынысымызға жаңа соққылар мен шабуылдар арқылы жауап берді", – деді Зеленский.
Оның айтуынша, бір тәулік ішінде Донецк, Харьков, Днепропетровск, Сумы, Чернигов, Запорожье және Херсон облыстарында шабуылдар тіркелген.
"Ресей ешқандай әскери белсенділігін тоқтатқан жоқ. Украина да соған сәйкес жауап береді", – деп атап өтті Украина басшысы.
Сонымен қатар Зеленский Украина бейбіт келіссөздерге және халықаралық серіктестердің қатысуымен атысты тоқтатуды үйлестіруге дайын екенін айтты.
"Украина бейбітшілік үшін жұмыс істеуге дайын. Біз бұл соғысты абыроймен аяқтауды қалаймыз", – деді ол.