Мәскеу 9 мамырға дайындалып жатыр. Бірақ биылғы дайындықтың атмосферасы бұрынғыдай салтанатты емес. Қалада әскери парадқа қарағанда қауіпсіздік мәселесі көбірек талқыланып жатыр. Ресей билігінің Жеңіс күні мобильді интернетті уақытша өшіру туралы шешімі соның айқын белгісіне айналды, деп хабарлайды dalanews.kz.
DW мәліметінше, Соңғы жылдары Мәскеу үшін 9 мамыр тек мереке емес, Кремльдің саяси символына айналған еді. Қызыл алаңдағы танктер, әскери техника, ұшақтар және ауқымды парад Ресейдің күшін көрсететін негізгі құралдардың бірі болды. Алайда Украинамен соғыс басталғалы бұл күннің реңкі өзгере бастады. Әсіресе украин дрондарының Ресей аумағына, оның ішінде Мәскеу маңына дейін жетуі биліктің қауіпсіздікке деген көзқарасын қатайтып жіберді.
Сол себепті биыл Мәскеуде мобильді интернет пен байланыс қызметтеріне шектеу қойылмақ. Ресми түсіндіру бойынша, бұл – қауіпсіздік шарасы. Билік дрон шабуылдары кезінде байланыс арналары түрлі мақсатта пайдаланылуы мүмкін деп есептейді. Бірақ бұл шешімнің қоғамға әсері әлдеқайда терең.
Өйткені қазіргі Мәскеу – интернетке толық тәуелді мегаполис. Такси қызметі, жеткізу сервистері, банк операциялары, навигация, мессенджерлер – бәрі мобильді желіге байланған. Интернет өшкен сәтте үлкен қаланың күнделікті ырғағы да бұзылады. Яғни мәселе бірнеше сағаттық қолайсыздықта емес. Бұл – соғыстың енді майдан даласында ғана емес, қарапайым адамдардың тұрмысында да сезіле бастағанының көрінісі.
Бір қызығы, биылғы парадтың өзі де бұрынғыдай өтпеуі мүмкін деген ақпарат тарады. Кей мәліметтер бойынша, ауыр әскери техниканың көлемі азаюы ықтимал. Бұл да кездейсоқ емес. Себебі қауіпсіздік тәуекелі күшейген сайын, парадтың өзі қорғаныс операциясына ұқсап барады.
Соңғы үш жылда Ресейде “қауіпсіздік” ұғымы ерекше саяси құралға айналды. Интернетке бақылау күшейді, VPN сервистеріне қысым артты, әлеуметтік желілер шектеле бастады. Ал енді әскери қауіп факторлары бұл процесті одан әрі жеделдетіп отыр. Кремль үшін ақпараттық кеңістікті бақылау – қазір әскери тұрақтылықтың бір бөлігіне айналғандай.
Мұндай жағдайда ең үлкен өзгеріс адамдардың психологиясында байқалады. Бұрын 9 мамыр Ресей қоғамына “біз жеңген халықпыз” деген сезім берсе, бүгінде ол күн “қауіп бар, сақ болу керек” деген атмосферамен қатар келе бастады. Бұл – символдық өзгеріс. Өйткені мемлекеттердің көңіл күйі көбіне осындай детальдардан байқалады.