"Христос тірілді!". Павлодарлық діни қызметкер Пасха мерекесімен қазақша құттықтады

Қаракөз Амантай 20 сәу. 2025 16:47 349

Павлодар епархиясына қарасты Ертіс ауданында орналасқан Әулие Александр Невский храмының діни қызметкері Андрей Андреев қасиетті Пасха мерекесіне орай қазақ тілінде құттықтау жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Баршаңызды жарқын да шуақты Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – адамзатқа үміт пен мейірімнің нұрын шашқан қасиетті мейрам”, – деді діни қызметкер.

Ол Пасханың рухани мәніне тоқталып, бұл мерекенің бірлік пен бейбітшілікке үндейтінін атап өтті. Сонымен қатар әр отбасыға бақ-береке, елге тыныштық, халыққа ынтымақ тіледі.

“Жаратқанның рақымы елімізге тыныштық пен келісім сыйлап, халқымызды ынтымақ пен бірлікке жетелей бергей. Пасха қуанышы әр отбасының дастарханынан үзілмесін. Христос тірілді! Шын мәнінде тірілді!”, – деді Андрей Андреев.

Қазақтілді қауым діни қызметкердің қазақша құттықтауын жылы қабылдап, оның бұл бастамасы халықтар достығы мен өзара сыйластықты нығайтуға қосылған игі үлес екенін атап өтті.

Бүгін – православ сеніміндегі азаматтар үшін қасиетті саналатын Пасха мерекесі. Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп келеді. Ел аумағында православиелік сенімді ұстанатын 300-ге жуық шіркеу мен ғибадат орны бар. Олардың ішінде Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборы, Астанадағы Успенский кафедралды соборы және Павлодардағы Благовещенск кафедралды соборы ерекше танымал.

Қазақстандағы православ қауымының негізгі бөлігі орыс, украин және беларусь диаспораларының өкілдері болып табылады. Дегенмен, кейінгі жылдары Пасха мерекесін атап өтушілердің арасында өзге ұлт өкілдері де көбейген. Бұл елімізде қалыптасқан дінаралық келісімнің жарқын көрінісі.

Пасха – бірлік пен ізгілікті насихаттайтын мейрам. Осы күні шіркеулерде мерекелік құлшылықтар өткізіліп, халық бір-біріне «Христос тірілді!» деп құттықтау айтып, «Шын мәнінде тірілді!» деп жауап береді. Қазақстанда Пасха мейрамы қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етіп, түрлі мәдениеттер мен діни сенімдердің өзара сыйластығын арттыруға септігін тигізуде.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар