Хромтауда жарылыс кезінде күйік алған шахтер көз жұмды

Қаракөз Амантай 12 нау. 2025 12:25 239

28 ақпанда “Болашақ” шахтасында болған төтенше жағдай кезінде төрт жұмысшы жарақат алды. Бұрғылау жұмыстары кезінде шахтада қысқа мерзімді ауа жануы орын алып, салдарынан кеншілер әртүрлі дәрежедегі күйік алды. Оқиға болған сәтте шахтада 228 адам жұмыс істеп жатқан, олардың барлығы дереу эвакуацияланды, ал шахта жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зардап шеккен екі адам Хромтау аудандық ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды, біреуі үйіне жіберілді, ал тағы бір жұмысшының жағдайы ауыр болғандықтан реанимацияға жатқызылып, кейін санитарлық авиациямен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

“Науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, күйік шалу салдарын емдеу шаралары жүргізілді. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды, алайда 7 наурызда көз жұмды”, – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы.

Хромтау аудандық ауруханасының мәліметінше, жарақат алған екі жұмысшы үйіне шығарылған.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаға қатысты “Тау-кен немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар