Хасан Қасымбаевтың туыстары әділ шешім талап етіп, президентке үндеу жолдады

Қаракөз Амантай 10 қар. 2025 11:25

Хасан Қасымбаевтың туыстары президентке үндеу жолдап, істі жеке бақылауға алуды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айыпталушының жұбайы Зүлфия Қасымбаева Nege.kz телеграм арнасына пікір білдірді. 

"Егер әділ шешім шықпаса, өзімді дәл осы жерде өртеймін", - деді ол.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұсталған болатын.

28 қазанда прокурор Ерлан Құланбаев сотта Қасымбаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы айыпталушының адвокаты Гүлмира Бабажанова редакция тілшісіне хабарлаған.

"Біз айыптаумен толық келіспейміз. Қорғау тарабы біздің қорғауымыздағы азаматты ақтауды талап етеді, себебі екі эпизод бойынша жәбірленушінің өз сөзінен басқа ешқандай дәлел жоқ", – деді адвокат.

Қасымбаевқа үш бап бойынша айып тағылған: адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және зорлықпен ақша талап ету.

Онымен бірге сот алдында тағы бес адам жауап беріп жатыр. Іс бойынша екі жәбірленуші бар: аралас жекпе-жек шебері әрі жаттықтырушы Арман Әлімов және кәсіпкер Арипжан Тажиев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар