Алматы облыстық полиция департаменті Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеуін аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Прокуратураның дерегінше, облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы Хасан Қасымбаев пен басқа тұлғаларға қатысты істі тергеп, 2025 жылдың 21 шілдесінде айыптау актісімен бірге облыстық прокуратураға тапсырған. Ал 29 шілдеде айыптау актісі бекітіліп, іс мәні бойынша қарау үшін Талғар аудандық сотына жіберілген.
Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, Хасан Қасымбаевқа қатысты адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және бопсалау баптары бойынша тергеу жүргізілген.
Еске салайық, 2024 жылғы 2 қарашада Қасымбаев 2021 жылдың маусымында жасалған қасақана ауыр дене жарақатын келтіру және адам ұрлау күдігімен ұсталды. Кейін оған бопсалау айыбы да тағылды.
Хасан Қасымбаевтың есімі жұртшылыққа 16 жастағы Шерзат Болаттың Талғардағы өлімінен кейін кеңінен танылды. Әлеуметтік желі қолданушылары оны "Хуторские" деген атаумен белгілі қылмыстық топпен байланыстырып жазған.
Алайда Ішкі істер министрлігі мұндай ұйымдасқан қылмыстық топтың тіркелмегенін, сондай-ақ Хасан Қасымбаевтың Шерзат Болаттың өліміне қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласындағы дүкендердің бірінің жанында жастар арасында қақтығыс болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат пышақ жарақатынан қаза тапты. Тағы екі жасөспірім ауыр жарақат алған еді.
Бұл іс бойынша сот үкімі 2025 жылғы 5 маусымда шығарылды.