Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевқа қатысты сот процессі салыстырмалы түрде тыныш өтіп жатыр. Іс материалдары 36 томнан тұрады. Осы уақытқа дейін жәбірленуші Арман Әлімов пен алты куәгерден жауап алынды. Тек жәбірленуші Аюпжан Тәжиев сотқа келмегендіктен, оны ұйымдасқан қылмыспен күрес қызметінің қызметкерлері мәжбүрлеп жеткізді. Ол түсініктеме бере бастады, алайда оның мазмұнын жария етуге тыйым салынған, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.
Х.Қасымбаевтың адвокаттары істі сотталушылардың қатысуынсыз қарауға қарсылық білдіріп, судья Айнагүл Тукубаеваны шеттетуді сұрады. Сотталушылардың адвокаттары осымен төртінші рет судьяны ауыстыруға өтініш білдіріп отыр.Белгілі болғандай, жәбірленуші Аюпжан Тәжиев сот отырысына Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерімен жеткізілген. Ол сотта жауап беруді бастады. Алайда, оның сотта берген жауабын жариялауға рұқсат жоқ. Естеріңізде болса, журналистерге жәбірленушінің айғақтарын жариялауға тыйым салынған.
Кезекті процестің соңында NEGE тілшісі бүгінгі сот отырысына қатысты Х.Қасымбаевтың адвокаты Гүлмира Бабажанованың пікірін білді.
Адвокат Бабажанованың айтуынша, бұл жерде сотталушылардың құқығы бұзылып отыр. Сол себепті олар судьяға қарсылық білдірген.
"Сотталушылардың үшеуі сот отырысына келген жоқ, олар денсаулығына байланысты арыз жазған болатын. Оны конвой қызметкерлерінен беріп жіберді. Іс айыпталушылардың қатысуымен ғана жүргізілуі керек. Қылмыстық-процестік кодекстің 335-бабына сәйкес, сотталушылардың қатысуынсыз тек қана олар сот процесінен бас тартқан жағдайда ғана өткізіледі. Алайда сот оған қарамастан, "сотталушылар бас тартты, сондықтан қылмыстық істі ары қарай сотталушылардың қатысуынсыз қараймыз" деп айтты. Бірақ олар отырған мекемеден медициналық құжат салынған жоқ. Судья заң талаптарын бұзып отыр деп ойлаймыз. Оларға қатысты ауыр санаттағы қылмыстық іс қозғалып отыр ғой. Судья олардың тікелей құқығын бұзып отыр. Сол себепті судьяға қарсылық білдірдік. Өйткені, олардың қатысуынсыз қалай қаралады?", дейді адвокат Бабажанова.