Харрис сайлаудағы жеңілісінен кейін не деді?

Сағыныш Сардарова 07 қар. 2024 09:40 2934

Республикашылар атынан үміткер Дональд Трамп АҚШ президентін сайлауда жеңіске жетті. Екінші басты үміткер Камала Харрис мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

АҚШ президенттігіне демократтар атынан кандидат болған вице-президент Камала Харрис республикашылдар атынан түскен қарсыласы Дональд Трампты 2024 жылғы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Олар телефон арқылы сөйлескен.

"Дональд Трамп пен Камала Харрис сәрсенбіде таңертең телефонмен сөйлесті. Харрис Трампты тарихи жеңісімен құттықтады. Президент Трамп вице-президенттің күшін, кәсібилігін және табандылығын жоғары бағалады, екі көшбасшы да елдегі бірліктің маңызын мойындады", - деп жазылған Трамптың сайлауалды штабының мәлімдемесінде.

Камала Харрис сайлауда жеңілгеннен кейін жақтастарының алдында сөз сөйледі.

Вашингтондағы Ховард университетінің бас ғимаратының алдына жиналған жақтастарына сөйлеген сөзінде Харрис сайлау нәтижелерін "қабылдаулары керек" екенін және Байден әкімшілігі жаңадан сайланған президент Трампқа, оның командасына өтпелі кезеңде көмектесуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар "биліктің бейбіт жолмен берілуін" қамтамасыз етуге уәде берді.

Айта кетейік, бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке сұхбат беріп, сайлау нәтижелері туралы болжам жасады.

"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.

Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар