Харьковте Ресейдің әуе шабуылынан 38 адам зардап шекті

Харьковте Ресейдің әуе шабуылынан 38 адам зардап шекті
Думка.

Ресей әскері Харьков қаласының Салтов және Киев аудандарына басқарылатын авиабомбалармен соққы жасады. Салдарынан 38 адам, оның ішінде 10 бала зардап шекті, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Ресей әскері Харьковке басқарылатын авиабомбалармен соққы жасап, көпқабатты тұрғын үйді зақымдады. Қазіргі мәлімет бойынша, медициналық көмекке 38 адам жүгінді, олардың 10-ы – балалар», – деп хабарлады Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубов.

Соққылардың бірі Салтов ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйге тиген. Авиабомба ғимараттың екінші қабатына түскен, нәтижесінде екінші және үшінші қабаттардың құрылымдары қираған. Бірнеше тұрғын үй мен автокөлік те зақымданды.

Зардап шеккендердің арасында балалар бар. Қазіргі уақытта екі адам, оның ішінде 14 жастағы қыз бала ауруханада жатыр. Дәрігерлер олардың жарылыс салдарынан алған жарақаттарын емдеп жатыр. Қалған зардап шеккендер жеңіл және орташа деңгейдегі жарақат алған. 

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі, медицина қызметкерлері мен полиция жұмыс істеп жатыр. Қираған ғимараттың салдарын жою жұмыстары жалғасуда. 

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін Харьков мэрі Игорь Терехов Ресейдің басқарылатын авиабомбасы көпқабатты үйге түскенін және кемінде 22 адамның жараланғанын мәлімдеген. Кейін зардап шеккендер саны артқан.