Соңғы уақыттары экономикалық дамудың эстафетасына Шығыс Азия елдері өз қолына алғаны баршаға мәлім. Аталған аймақтағы қуатты елдердің бірі Вьетнам десек, қателеспейміз. Жақында соцалистік даму бағытынан айнымаған Вьетнамда болып, елдің экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуетін бағамдап қайтудың сәті түсті. Халықаралық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы ұйымына мүше елдердің кезекті 66 басқосуы Вьетнам астанасы Ханойда болып өтті. Алқалы жиынға қазақстандық делегацияны «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев бастап барды. Енді Еуразия құрлығының қиыр шетінде жатқан Вьетнамда көріп-біліп, көңілге түйгендерімізді қалың оқырмандармен бөліссек.
Вьетнам қандай ел?
Бүгінде Қазақстаннан Вьетнам астанасы Ханойға тікелей қатынайтын ұшақ жоқ. Тек туризмі дамыған Хошимин қаласымен барыс-келіс жолға қойылған. «Эйр Астананың» ұшақтары Хошиминге аптасына бір рет қатынауда. Жиынның болатын күнімен Хошимин рейсі орайласпаған соң, біздер Ханойға Тайланд астанасы Бангког арқылы тартып кеттік.
Ханойда күн ысып тұр екен. Тынық мұхитынан көтерілген ылғал ыстықпен араласқанда тымырсық ауа пайда болып, тынысыңды тарылтады екен.
Вьетнам социалистік ел болғаннан кейін виза қойдырып, тергеу-тексеруге біраз уақытымызды шығындайтын шығармыз деп ойлаған едік. Сөйтсек, онымыз бекер екен. Алып лайнер қалықтап келіп, Ханойдың халықаралық әуежайына қонғаннан кейін 20 минутқа жетер-жетпес уақытта әуежайдың көші-қон қызметінің қағылез қыз-жігіттері, төрткүл дүниенің әр тарабынан келген адамдарды бір жерге жинап, шетімізден шақырып мөрін басып, визасын қойып берді. Қолымызға төлқұжатымыз бен Вьетнамға келген құрметті қонақ екенімізді айқындайтын құжатты алғаннан кейін сыртқа беттедік.
Вьетнамға сапарға шыққанымызда мұнда орыс тілін білетін адамдарды кездестіретін шығармыз деп ойлағанбыз. Бірақ Вьетнамның социалистік ел деген аты болмаса, әлемдік өркениеттің бір пұшпағына айналып, дүниежүзімен ғаламдасып кетіпті. Жұрттың бәрі сырттан келген туристерге ағылшын тілінде тіл қатып, құшақ жая қарсы алып жатыр. Көшеде сауда сатып, таксилетіп жүрген қарапайым адамдардың өздері ағылшынша «сайрап» тұр. Кеңес өкіметімен ұзақ жылдар бойы тығыз ынтымақтастық орнатса да, орыс мәдениеті мен орыстың тілі бұл елге сіңбепті.
«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деп бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Әуежайдан күтіп алған жас жігітпен аздаған ағылшыншамыз жетпеген жерде ымдасып, түсінісіп қойымыз. Жанға жайлы әуежайдан шықпай тұрып, әлемге әмірін жүргізіп тұрған аздаған долларымызды Вьетнам донгіне айырбастап, қалтамызға салып алдық. Бір доллардың құны 22 мың донгқа тең келеді екен. Әлемдік экономиканы жусатып, өргізіп отырған «долларекең» Вьетнам донгін қатты құнсыздандырып жібергеніне таңғалдық. Вьетнамның қаржы-экономикалық жүйесі жайында жетік білмегендіктен бұл жайында әңгіме қозғауымыз орынсыз болары анық. Сондықтан көзбен көріп, көңілге түйген жайттарды ортаға салсақ, соның өзі жетер.
Шлагбаумы жоқ қала
Әуежайдың маңында ұзыннан ұзақ созылып жатқан көшеге көз салғанымызда қаптаған көлік көзімізге түскен жоқ. Содан вьетнамдықтардың көпшілігі темір тұлпарды тақымдауға шамалары жетпейтін шығар деп ойладық та қойдық. Жол бастаушымыз әуежайдың алдында қаздай тізіліп тұрған таксилерге қарай алып келді. Таксилердің бәрі конвейерден кеше шыққан су жаңа көліктер екен.
Таксиге мінгенімізде жанға жайлы жұмақтың бір бүйіріне топ ете түскендей болдық. Салқындатқыш пен Wi-Fi интернетіңіз үздіксіз ұрып тұр. Салқын таксиде отырып, алты құрлықтың ар жағында қалған еліңнен хабар алуыңа барлық жағдай жасалған. Ағылшыншаң жетпей қалса, «Google аудармашыға» жүгіне қоясың. Әр такси Wi-Fi орнатып алғанына қарағанда Веьтнамда байланыс компаниялары біздің операторлар сияқты халықтың мойнына мініп алмаған-ау деп ойладық та қойдық.
Әке-көкеміз көрмеген бөтен елге аяқ басқан адамға Wi-Fi алдана қоймайтынымыз белгілі. Әрине, қажеттілік үшін пайдалануға болады. Қалтафонымызды қалтаға сүңгітіп, айналамызға көз салдық. Әуежайдан шыққанда алдымыздан бір шлагбаум орап, тұрақақысын талап ететін шығар деп ойлаған едім. Бірақ көзіме жұрттың жолын кес-кестеген шлагбаум шалына қойған жоқ. «Мүмкін әріректе шығар» деп іштей ойлап қоямын (Алматы әуежайының маңындағы көрініспен салыстырып отырмын ғой). Дегенмен Ханойдағы 3 күндік сапарым барысында бірде-бір шлагбаум көрмедім. Ал Алматыда аяқ аттап бассаң, шлагбаумға барып маңдай тірейсің. Вьетнам сапарынан шлагбаумды қаптатып, Алматыны туризм мен қаржы орталығына айналдыра алмайтынымызды жете түсінгендей болдым. Ханойдың халықаралық әуежайы қала сыртынан қашық жатыр екен. Өйткені әуежайда иық тірестіретіндей ғимарат көзге шалынған жоқ. Жол бойында қаптаған үйлер де жоқ. Көбіне күріш пен шай плантациялары көзге оттай басылады. Атыздардың бәрі бір сызықтың бойымен тартылған. Көзді арбайтын геометриялық сызықтар дерсің. Плантациялардан бейсауыт өсіп, әдемі көріністің сиқын бұзған бірде-бір қурайды көрмедік. Соған қарағанда вьетнамдықтарды жер емген шаруалардың қатарына қосуға болатын шығар. Жолдары тақтайдай, кең – жамап-жасқаған бір жері жоқ. Халықаралық әуежайға тартылған жол болған соң, жақсылап жөндеп те қоюы мүмкін ғой...
Ханойға сапар шегетініміздің алдында ғаламтор арқылы ел астанасына виртуальді саяхат жасағанымызда, 7 миллион тұрғыны, қаланың айналасында айқұш-ұйқыш ағып жатқан бірнеше өзен бар екенін оқығанбыз. Соның ең үлкені – Қызыл өзен. Қала мен әуежайдың арасын бөліп тұрған өзеннің үстіне вьетнамдықтар теңдесі жоқ көпір салып, өздерінің Шығыс Азиядағы «жетекші ел екенін паш етті» деген қысқа жазбаны сол ғаламтордан оқығанмын. Енді, міне, сол болат арқандарды, алып бетон бағаналарға керіп салған биік әрі кең көпірдің үстімен зулап барамыз. Ал Қызыл өзеннің үстінде шағын қайықтарға мініп алған вьетнамдықтар Азия халықтарына тән күріш сабағынан тоқитын қалпақтар киіп алып, ары-бері жүзіп жүр.
Бұлқынып ағып жатқан Қызыл өзенді көрмедік. Өзен бетінде тұнып қалған тыныштық қарапайым вьетнам шаруасының мамыражай тірлігімен үйлесім тапқандай. Тек алып көпірдің үстінде жүйткіген көліктер ғана таяу маңда тірлігі қайнаған нән шаһардың бар екенінен хабар беріп тұрғандай.
Осылайша айналамыздағы бұрын-соңды көрмеген керемет табиғат көріністерін көкірек көзімізге түсіріп, ел астанасы Ханойға келіп кірдік.
Мотоциклдер ағыны
Мұндағы көріністер мүлде басқаша. Қалаға ат басын тірегенде адам шағын мотоциклдер ағынына тап болғандай әсерге бөленеді екен.
Көшедегі көп мотоциклді көріп, аузымыз ашылып қалғанын байқаған такси жүргізушісі ағылшын тілінде «Ханой – мотоциклдер қаласы» дегенде есімізді жиғандай болдық. Шыны керек, мотоциклге мінгескен жұртты бірінші рет көруім. Қалай таңданбассың? Айтпақшы, арасында қарапайым велосипедтер де бар. Бірақ мотоциклдердің қарасы басым. Бүкіл Алматыдағы мотоциклді жинасаңыз, Ханойдың бір көшесінде сап түзеп жүйткіп бара жатқан мотоциклдерге жетпесі анық.
Мұншама көп мотоциклдерді көргенде 7 миллион алып қаланы көшелерінде кептеліс болмайтынын түсінгендей болдым. Егер жүздеген мың мотоцикл машинаға айналса, Ханойда сол заматта тіршілік тоқтап, жұрттың бәрі барар жеріне жете алмай қалатыны анық еді. Алматыны көлік тығынынан құтқару үшін бір уақыт велосипедке мінудің қаншалықты маңызды екенін осы жолы ұғынғандай болғанымды жасырып қайтейін.
Жасы да, кәрісі де мотоциклге мініп алған. Тіпті, жүкті де осы қос дөңгелекті көлікпен тасиды екен. Ал сабаққа асыққан вьетнамдық кішкентай балақандар ата-аналарының арқасына кенеше жабысып, алаңсыз кетіп барады...
Тағы бір байқаным, көше бойымен ағылып жатқан көліктердің жолын кес-кестеп, тоқтатып, құжат тексеріп жатқан жол сақшылары назарымызға ілікпеді. Сондай-ақ, жол белгілеріне мән берместен, ары-бері жүйткіп жүрген мотоциклдерді көргенде жол сақшылары Ханойдағы жол қауіпсіздігін бақылай алмай қалғанын ұққандай болдым. Бірақ кептеліс орын алып, айғайға басып жатқан жұртты кездестірмедік. Алып қаладағы жол қозғалысы табиғи түрде дамып жатқандай... Осылайша біз мінген көлік қалың мотоциклдің арасымен қайықтай жүзіп, қонақ үйге келіп маңдай тіреді.
Табиғи түрде дамыған бизнес
Қонақ үйдің алдында тұрған елгезек швейцар жігіті жүгіріп келіп көліктің есігін ашып, жүгімізді түсіріп, бөлмемізге бастады. Әдепкі қонақ үй. Алып-қосатын ештеңесі жоқ. Салқын, жанға жайлы. Біраз тынығып алғаннан кейін түнгі Ханойды аралап көруге аңсарымыз ауып, көшеге шықтық. Бағанағы әуежайдан шыққан қарсы алған тымырсық ауа әлі қайтпапты.
Міне, Ханойдың аты белгісіз орталық көшелерінің бірімен аяңдап келеміз. Жұрттың біразы мотоциклдерін көше бойына қаңтарып тастап, жағалай орналасқан шағын асханалардан тамақ жеп, сусын ішіп жатыр. Бізде көшеде вьетнамдықтар сияқты жүремізден отыра қалып, тамақтанатын болса, СЭС мамандары ертесінде сол асхананың есігіне құлып салып, жұмысын тоқтатар еді.Шыны керек, Ханой көшелерінде асханалардың көпшілігі біздің санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейді. Сондай асханаларға бас сұғып, ащы-тұщысы араласқан вьетнамдықтарды күріш кеспесінен біз де дәм таттық. Дәмді екен. Бірақ біздің үйдегідей құнарлы, қуатты емес. Бірнеше қайта ішсең болатындай.
Өз басым Вьетнамда шағын және орта бизнестің бұлайша өркен жайып кетті деп ойламаған едім. Өйткені Ханой көшелеріндегі асхана мен шағын дүкендерден аяқ алып жүре алмайды екенсің. Тіпті, кей жерде шағын пешін көшенің бір қуысына қойып, түрлі күріш кеспелерінің буын бұрқыратып, ұсынып жатқан вьетнам әйелдеріне тәртіп сақшылары мен СЭС қызметкерлерінің «әңгіме айтып» жатқанын байқадым. Көшедегі жол қозғалысы мен бизнесі табиғи түрде дамып, керемет үйлесім тауыпты. Талғампаз жастарының өздері көше бойындағы шағын кафелерге тізе бүгіп, жеміс шырындарымен шөл басуға кұмар.
Әдетте біздер шағын және орта бизнесті дамыту турасында көп әңгіме айтып, көптеген қолдаулар жасаймыз. Вьетнамдағы жағдайды көргенде соның бәрі бекер ма деп қалдым. Кез келген кәсіп табиғи даму кезеңінен өтуі тиіс. Ал біз болсақ, өркениеттің шыңына шыққан елдердің стандарттары мен талаптарын алға тартып, шағын және орта бизнестің қолын буып тастағанымызды байқамаймыз.
Ғылым және өндіріс
Ертесінде Халықаралық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының жиынына қатысып, Вьетнамда ғылымның қалай дамып жатқанын байқаудың сәті түсті. Сонау кеңес заманында құрылып, содан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жа
тқан халықаралық ұйым ғылыми-техникалық зерттеулерді жүйелеп, ақпарат алмасуға бар күшін салып жатыр екен. Ұйымға ұзақ жылдардан бері жетекшілік жасап келе жатқан В.Е.Кодола мырза Халықаралық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының өкілетті комитетінің өкілдері алдында бір жыл бойына атқарған жұмыстары жайында есеп берді.
– Орталық өткен жылы ақпараттық-сараптамалық, инновациялық технология, жоғары оқу орындар мен зияткерлік меншікті қорғау және инновациялық бағыттағы шағын және орта бизнесті дамыту бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Қазіргі таңда ғылыми-техникалық сала жыл өткен сайын қарқынды түрде даму үстінде. Сондықтан біздер ұйымның ынтымақтастық аясын барынша кеңейтуге күш салдық. Бұл бағыттағы жұмыстарымызға ұйымға мүше мемлекеттер барынша қолдау көрсетіп отырғанын айтқым келеді. Өткен жылы орталық Ұлыбритания, Германия, Қытай, Франция және Чехиямен ғылыми-техникалық сала бойынша ақпарат алмасу бағытында өнімді жұмыстар жүргіздік. Соңғы уақыттары бізбен қытайлық әріптестеріміз байланыс орнатуға айрықша қызығушылық танытуда. 2014 жылдың 30 маусымы мен 4 шілде аралығында Харбин ғылыми-техникалық көрмесіне қатысып, іс-тәжірибе алмастық. Алдағы уақытта Халықаралық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы өзге елдермен ынтымақтастығын кеңейтуге мүдделі, – деп ұйым жетекшісі атқарған жұмыстары жайында есеп берді.
Есепті баяндамадан кейін мінбеге ұйымға мүше елдердің өкілдері көтеріліп, өздерінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы президенті Ә.Ыбыраев өзі басқарып отырған орталықтың жұмысы жайында жиналған қауымға кеңінен әңгімелеп берді.
– Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы өзінің 60 жылдық іс-тәжірибесінің арқасында қазір Қазақстанды ғылыми-техникалық және инновациялық тұрғыдан дамытатын маңызды органға айналып отыр. Осылайша орталық ғылыми-техникалық ақпаратты жүйелеп, Қазақстан ғылымын дамытып, инновациялық экономика құруға барынша үлес қосып келеді. Қазіргі таңда «ҰҒТАО» АҚ-ның қорында жариялауға жатпайтын 31 мың құжат жинақталған. Бұдан басқа 25 мыңнан астам диссертациялық жұмыстар және жүзеге асқан 753 ғылыми-техникалық бағдарламалардың құжаттары сақталуда. Орталық қызметкерлері маңызды құжаттарға тиісті сараптама жүргізіп, еліміздегі мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелерді қажетті ғылыми-техникалық ақпаратпен толықтай қамтамасыз етіп келеді. Соңғы уақыттары «ҰҒТАО» АҚ-ы халықаралық ынтымақтастық саласын кеңейтуге барынша күш жұмсап келе жатқанын айтқым келеді. Бүгінде біздер АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Нидерланд, Қытай, Оңтүстік Корея, БАӘ, Ресей сынды елдермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Сондай-ақ, орталық Қазақстанның халықаралық ғылыми мәліметтер қорларына Ұлттық жазылымын ұйымдастырып, ғылымды дамытуға күш салып отыр. Осылайша Қазақстандағы 300-ден астам ЖОО мен ҒЗИ-дің ғаламдық ғылыми-техникалық мәліметтер қорына қолжетімділігін қалыптастырды. Қазіргі таңда қазақстандық ғалымдар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында Thomson Reuters компаниясының Web of Science платформасын, Elsevier компаниясының Scopus мәліметтер базасын, Springer компаниясының ғылыми мәліметтер қорын пайдалануда. Соңғы уақыттары Wiley-Blackwell компаниясының ғылыми мәліметтер қорына сынақтық қосылуды іске асырдық. Осылайша Қазақстан ғалымдық ғылыми мәліметтер қорындағы ғылыми-техникалық ақпараттар кең көлемде қолданып, ғылымның өрісін кеңейтіп, инновациялық экономика құруға барынша күш салуда, – деп ойын ортаға салды.
Өз кезегінде Румыниядан келген Т.С.Гроза мырза өз еліндегі жоғарғы оқу орындары шетелдік студенттерді тартуда көптеген жұмыстар атқарып жатқанын алға тартты:
– Соңғы уақыттары Румынияда білім алуға ұмтылған өзге елдің жастарының қатары артып келеді. Бұл жағдайдан Румынияда білім беру саласының оң бағытта дамып жатқанының көрінісі деп есептеймін. Қазіргі таңда еліміздегі жетекші 24 университет шетелдік студенттерді тартуда арнайы бағдарлама қабылдап, бұл бағытта жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Алдағы уақытта жыл сайын румын еліне келіп білім алатын жастардың санын 29 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Сол сияқты елімізде жастарға кемел білім беретін сырт елдердің білікті ұстаздарын тартуға да баса көңіл бөлінуде, – деді. Ал жиын барысында сөз алған молдавандар Молдавия билігі мемлекеттің ғылымға бөлетін қаржысын ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткізуге жоспарлағанымен, бұл көрсеткішке қол жеткізе алмай келе жатқандарын жасырмай айтты. Сондай-ақ, олар ғылымды коммерциялау мәселесінде де шешімін таппаған өзекті мәселелер бар екенін тілге тиек етті. Осылайша жиынға қатысқан делегация өкілдерінің баяндамасын тыңдағанымызда ғылымды коммерциялау, бизнес пен ғылымның арасындағы байланысты жандандыру сынды өзекті мәселелермен көптеген елдердің бетпе-бет келіп отырғанын байқадық.
Жиын соңында «Техмарт-2015» технологиялар көрмесіне қатысқанымызда Веьтнамның Шығыс Азияда көшбасшы мемлекет болуға ұмтылатындай жөні бар екеніне көзіміз жете түсті. Көрмеге қатысқан вьетнамдық компаниялар көптеген заттарды өз ішінде өндіретіндерін көрсетті. Осылайша Вьетнамның құрылыс, жоғары технологиялар, тамақ, фармацевтика саласы қарқынды дамып келе жатқанына куә болдық. Бізді құрылыс саласындағы тың жобалары қатты қызықтырды. Бұл елде жеңіл бетон құрастырмалар дайындау ісі тиісті деңгейде дамыған екен. Қазақстанның құрылыс компаниялары вьетнамның ірі компанияларымен біріккен кәсіпорын құрып, жұмыс істесе, табысқа жетері анық. Оның үстінде Шығыс Азия елдері арасында Вьетнамның Еуразиялық Одаққа қызығушылық танытып отырғаны көпшілікке мәлім. Біздер осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, арадағы сауда-экономикалық байланыстарымызды жандандыруға болады.
Хошимин мовзолейі
Веьтнам мемлекетінің негізін қалаушы Хошиминнің алғашқы үкімет үйі, қазір мұражай.
Табиғат көрінісі
Веьтнамный биші қыздары
Ғибадатхана
Ханой қаласының басты Мәдениет сарайы
Ханой қаласының белгісі
Нұрлан ЖҰМАХАН, Алматы – Ханой – Алматы.