Белгілі асаба, тамада Қасым Өтешев, көпшілікке "Хан" лақап атымен таныс, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Сайт мәліметінше, мұндай шешім оның жұбайы Алмаға қатысты шығарылған қорғаныс нұсқамасының талаптарын бұзуына байланысты қабылданған.
Ақпаратқа қарағанда, мамыр айының ортасында полиция Қасым Өтешевке жұбайына жақындауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салатын қорғаныс нұсқамасын берген. Алайда бірнеше күннен кейін асаба Алманың үйіне барған.
Сол жерде ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққаны айтылады. Оқиға орнында болған құрбысының сөзінше, әңгіме тез арада дау-дамайға ұласып, тараптар бір-біріне ауыр сөздер айтқан.
Осылайша, әлеуметтік желіде қызу талқыланған отбасылық жанжал Қасым Өтешевке қатысты құқықтық мәселеге ұласты. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Мәліметке сүйенсек, тамада жақын күндері бостандыққа шығуы тиіс.