Саяси сахнада деңгейі мен тәжірибесі бірдей екі үміткердің бірі озып, екіншісінің қалыс қалуы кездейсоқ емес. Франциядағы Лион 2 университетінің оқытушысы, коммуникация саласының PhD докторы Эльмира Прманова Dalanews.kz агенттігіне қазіргі саяси коммуникацияда сайлаушының таңдауына әсер ететін негізгі факторлар туралы баяндады. Сарапшының пайымдауынша, бүгінгі қоғам құрғақ статистика мен мінсіз жасалған саяси имиджге емес, тұлғаның шынайы болмысы мен халықпен тікелей байланыс орнату қабілетіне дауыс береді.
“Бүгінде адамдар тек бағдарламаны емес, сол бағдарламаны жүзеге асыра алатын тұлғаны таңдайды”, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір саясаткер үшін жақсы бағдарлама ұсыну жеткіліксіз. Оны халыққа түсінікті тілде баяндап, сенім қалыптастыра білу әлдеқайда маңызды.
Бағдарламаны қалай дұрыс ұсыну керек?
Мысал ретінде сарапшы екі кандидаттың әрекетін салыстырды.
Бірінші кандидат сөйлеген сайын статистикаға, экономикалық көрсеткіштерге және күрделі терминдерге сүйенеді. Әлеуметтік желіде ресми кездесулердің фотосын жариялап, журналистердің сұрағына ұзақ әрі ресми жауап береді.
“Мұндай саясаткер кәсіби маман ретінде қабылданады. Бірақ халыққа жақындай алмайды”, – дейді Эльмира Прманова.
Ал екінші кандидат дәл сол реформаларды адамдардың күнделікті өміріндегі нақты оқиғалар арқылы түсіндіреді. Мәселен, денсаулық сақтау жүйесін сөз еткенде бірнеше ай бойы дәрігердің қабылдауына кіре алмаған отбасының немесе құжат рәсімдеуде қиындық көрген кәсіпкердің мысалын келтіреді. Содан кейін ғана өзінің ұсынысы бұл мәселені қалай шешетінін түсіндіреді.
Әлеуметтік желіде де ресми іс-шаралармен шектелмей, студенттермен кездесуі, өңірлерге сапары немесе күнделікті өмірінен қысқа сәттерді бөліседі.
“Ол тек сөйлеп қоймай, адамдарды тыңдайды. Сондықтан қоғам оны өзіне жақын қабылдай бастайды”, – дейді сарапшы.
Кәсібилікті көрсету маңызды
Эльмира Прманованың пікірінше, қазіргі қоғам саясаткердің дипломына немесе еңбек өтіліне емес, нақты мәселелерді қалай шешетініне көбірек мән береді.
Бір саясаткер есептер мен көрсеткіштерге сүйенсе, екіншісі өндіріс орындарын, мектептер мен ауруханаларды аралап, адамдардың мәселесін өз көзімен көріп, оны шешу жолын түсіндіреді.
“Қоғам үшін саясаткердің көп білетіні емес, сол білімін нақты іске жарата алатыны маңызды”, – дейді ол.
Сенім ресми образбен емес, шынайылықпен қалыптасады
Сарапшы саясаткердің кәсіби бейнесімен қатар адамдық қыры да маңызды екенін айтады.
Тек ресми жиындардың суретін жариялайтын саясаткер көпшілікке алыс көрінеді. Ал күнделікті өмірінен шағын көріністерді бөлісу оның да қарапайым адам екенін көрсетеді.
“Адамдар саясаткердің жеке өмірінің бәрін көргісі келмейді. Бірақ оның өздері сияқты адам екенін сезінгісі келеді. Бұл қоғам мен саясаткер арасындағы қашықтықты азайтады”, – дейді Эльмира Прманова.
Сонымен бірге мұндай контент қолдан жасалмауы тиіс. Сарапшының сөзінше, аудитория жасандылықты тез байқайды.
Сөзі мен ісі сәйкес болуы керек
Эльмира Прманованың айтуынша, цифрлық дәуірде саясаткердің әрбір әрекеті қоғамның назарында.
Бір кандидат ашықтық туралы айтқанымен, өткір сұрақтардан жалтарып, азаматтармен тек ресми кездесулерде ғана сөйлеседі. Екіншісі сайлау аяқталғаннан кейін де халықпен байланысын үзбей, қойылған сұрақтарға жауап беруді жалғастырады.
“Әлеуметтік желілер дәуірінде сөз бен істің сәйкессіздігін жасыру мүмкін емес. Сенім нақты әрекет арқылы қалыптасады”, – дейді сарапшы.
Халық тілінде сөйлей білу
Сарапшының пікірінше, саясаткер күрделі реформаларды қарапайым тілмен түсіндіре алуы қажет.
Мысалы, бір кандидат денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру тетіктері туралы ұзақ баяндайды. Ал екіншісі дәрігердің қабылдауына айлап кіре алмаған қарт адамның оқиғасын айтып, кейін бұл мәселені өз реформасы қалай шешетінін түсіндіреді.
“Екеуі бір мәселе туралы айтады. Бірақ бірі реформаны мемлекет үшін түсіндірсе, екіншісі оны адамдардың өмірімен байланыстырады. Сондықтан оның сөзі сенімдірек естіледі”, – дейді Эльмира Прманова.
Саясаттағы ең маңызды капитал
Сарапшының айтуынша, сайлау кезінде әрдайым ең мықты бағдарлама жеңе бермейді.
“Қазіргі саясат – идеялардың ғана емес, сенімнің де бәсекесі. Сондықтан сайлаушы көбіне өзіне жақын, сөзі мен ісі үйлесетін, түсінікті тілде сөйлейтін әрі шынайы саясаткерді таңдайды”, - деп түйіндеді Эльмира Прманова.