Халықтың табысын арттыратын бағдарламалардың нәтижесінен не күтеміз?

Нұрлан Жұмахан 18 нау. 2024 22:01 3060

Бүгінде халықтың табысын арттырып, күнкөріс жағдайын көтеру ел Үкіметі үшін маңызды міндеттердің бірі десек болады. Халықттың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте мемлекет ел азаматтарының шағын кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қайтарымсыз гранттардың берілуін, жұрттың жаңа мамандықтарды игере бастауын айрықша атап айту керек. Үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту ісімен атқарушы билік кешенді түрде айналысу үшін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеп жүзеге асыруда.

Үкімет бұл бағдарламаны іске асыруды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін жедел түрде қолға алған болатын. 2022 жылы Президетіміз еліміздегі 1 миллионға жуық адам күнкөріс деңгейінен төмен айлық алатынына алаңдап, Үкіметке бұл іспен шұғылдануды қадап тұрып тапсырған-ды. Президент тапсырма берген 2022 жылы еліміздегі ең төменгі айлық күнкөріс дегейінің мөлшері 36 018 теңгені құрған еді. Осыдан 3 жыл бұрын бұл ақшаға күнелтудің өзі қиын болғанын жасыра алмаймыз. Атқарушы билік халықтың табысын арттыру бағдарламасын дайындау кезінде еліміздегі төменгі күнкөріс көрсеткішін біртіндеп көтеруді қолға алды.

Биылғы есеп бойынша ең төменгі күнкөріске жұмсалатын қаржының көлемі 48 692 теңгені құрап отыр. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға өскен. Осылайшы жыл өткен сайын елімізде ең төменгі күнкөріс мөлшері мысықтабандап болса да алға жылжып келеді. 

Бүгінде еліміздің ЖІӨ-нің 62 пайызын қызмет көрсету саласы құрайды. Демек, бұл салада нәпақасын тауып жүрген азаматтардың қарасы көп. Бірақ бұл салада еңбек етіп жүрген адамдардың айлық жалақысы өңдеу саласында еңбек ететін мамандардан әлдеқайда төмен. Ал өндіріс саласы бойынша еліміздің әлеуеті зор екенін бес жасар бала да біледі. Сондықтан елімізде түрлі зауыт-фабрикалар салып, халықты жұмыспен қамтып, табысын арттырудың маңызы зор.

Осы ретте қызмет көрсету саласында көлік логистикасы, IT қызмет көрсету салаларының мүмкіндігі зор екенін ескеруіміз керек. Бұл салалардың болашағы баянды, салмағы жеңіл емес. Іргедегі көршіміз Ресей АҚШ бастаған Батыс елдерінің санкциясына ұшыраған қазіргі кезеңде Қазақстан жерін көктей өтетін көлік логистика саласы елі бюджетінің бүйірін шығарып, халықтың табысын арттыратын стратегиялық салаға айналып келеді. Мұны жете түсінген Үкімет түрі инфрақұрылымдарды көлік дәліздері мен теміржолдарды және су-әуе жолдарын дамытуға баса мән беріп отыр. Алдағы 10 жылда көлік логистикасы халықтың ырысын арттыратын табысты салаға айналатынына толықтай сенеміз.

Бұдан басқа, еліміз үшін өндіріс пен ауыл шаруашылығы салаларының да алатын орыны ерекше. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары қолдағы азын-аулық малын бағып, өзіне тиесілі жерін жыртып, егінін салып, күнін көруде. Жер емген шаруаның табысын арттырып, кәсібін заман талабына сай жүргізу үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар мен субсидиялар үздіксіз берілуі шарт.

Аграрлық саланы табысты салаға айналдыру үшін ауыл шаруашылығы өкілдерінің техникаларына қолжетімділігін арттырудың маңызы зор. Егер Үкімет елімізге келетін ауыл шаруашылығы техникаларына салынатын салықтар мен алымдарды азайтса, шаруалар алға басқан қадамын айтарлықтай үдете түсер еді.

Ал мұнай-газ, метал өңдеу, машина құрастыру салаларындағы өндіріс ит тұмсығы батпаған ну орман десек, қателеспейміз. Бұл бағыт бойынша еліміздің мүмкіндігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Алдағы уақытта отандық өндірісті дамытқан сайын халықтың табысы артып, әл-ауқаты жақсара түсетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы аяқталатын Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы жаңаша сипат алып, екінші тынысы ашылатына сенімдіміз. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек саласына талдау жасағаны бар. Оған да назар аударып көрсек, мәселен, соңғы он жылда ЖІӨ өсімі қызмет көрсету саласының есебінен 62 пайызға артты, бұл саладағы еңбек өнімділігі өңдеуші өнеркәсіпке қарағанда айтарлықтай төмен. 2015 жылдан бері еліміздегі жұмыс орындарының 37 пайызы өнімділігі төмен салаларда, негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару сияқты мемлекеттің қатысуы басым салаларда құрылды. Жұмыс орындарының тек 8 пайызы ғана өнімділігі жоғары салаларда ашылады. Нәтижесінде, жұмыспен қамтылған халықтың 41 пайызы табысы төмен, өнімділігі кем өндірістерде жұмыс істейтіні белгілі болды. Сол себептен де ұзақ уақыттан бері Үкімет халықты жұмыспен қамтуды арттыру және бюджеттік қолдау арқылы жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келе жатыр.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәліметінше, Үкімет тарапынан 10 наурызда кедейшілік пен жұмыссыздық бойынша нақты жағдайға талдау жасалды. Оның нәтижелері тұрақты оң динамиканы көрсеткенімен, соңғы екі жылда халықтың нақты табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4 пайыздан 2021 жылғы 2,9 пайызға дейін төмендегені белгілі болды. Сонымен қатар, халық табысының құрылымында еңбек қызметінен түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттер бойынша кірістердің өсуі байқалады. Халықтың еңбек табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа кеміді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі, керісінше, 10 пайыздық тармаққа өсті.

«Талдауларды ескере отырып, Халықтың кірісін арттыру бағдарламасында келесі басымдықтар анықталды: жұмыс істейтін жастар; халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмыспен қамту; бюджеттік сала қызметкерлеріне лайықты жалақы; еңбек табысындағы теңгерімсіздіктерді жою; ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру; кәсіпкерлік табыстың өсуін ынталандыру; табыстың сатып алу қабілетін қорғау. Сондықтан да табысты арттыруды көздейтін бағдарламада осыларға тікелей және жанама қолдау шаралары қарастырылды. Тікелей шаралар бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және табыс теңгерімсіздігін теңестіруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыспен қамтуға, кәсіптік оқытуға (қайта даярлауға), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарындағы жұмысшылардың кірістерінің теңгерімсіздігін жою, өңдеуші кәсіпорындарды жаңғыртуды ынталандыру сияқты шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған іс-шараларға «Алғашқы жұмыс», «Түлектерге арналған жастар тәжірибесі» жастарды жұмысқа орналастыру жобаларын, сондай-ақ жекелеген осал тұлғаларды жұмысқа орналастыру механизмін іске асыру кіреді. Біліктілік пен дағдыны арттыру үшін мектеп оқушылары мен колледж түлектері арасында кәсіптік бағдар беруді енгізуге, халықты, негізінен жастарды жаппай даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша «зауыттар» құруға күш салынып жатыр. Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру Кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде несиелерге/микрокредиттерге жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, моно, шағын қалалар мен ауылдық жерлерде жеңілдетілген шағын несие беру және жаңа кепілдік құралын енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, бағдарламада кірістің сатып алу қабілетін қорғау бойынша кешенді шаралар да қарастырылған екен. Осындай іс-шараларды жүзеге асыру 2025 жылға қарай келесі 5 нысаналы индикаторға жүйелі қол жеткізуді қамтамасыз етеді: ЖІӨ-дегі жалақының үлесі 34,5 пайыз; жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыс үлесі – 76,2 пайыз; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі – 5,2 пайыз; жұмыссыздық деңгейі – 4,7 пайыз; Жалпы алғанда, 2 миллионнан астам адамға жұмыс орындары ашылды.

Тағы да айта кетерлігі, ресми мәліметтер бойынша елімізде 300 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін фрилансерлердің қызметін цифрлық жүйеге көшіру мақсатында «платформалық жұмыс» электронды сервис әзірленуде. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әртүрлі қызмет түрлерін тіркеуді жеңілдетеді, қажетті мамандарды тез табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және тұтынушылармен қарым-қатынасты ресімдеуге септеседі. Қазір бұл квота 13,5 мың адамды құрайды.

«Еңбек нарығында 300 мыңға жуық жұмыссыз және NEET жастары, 80 мыңнан астам көп балалы және аз қамтылған отбасы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар бар. Бұл әрбір мұқтаж топ үшін бейімделген тәсілдерді қабылдауды талап етеді. Сондықтан, біріншіден, ақпараттық жүйелерді сараптау нәтижесінде әлеуметтік қолдауды және жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтарды «ерте анықтау жүйесі» енгізіледі. Бұл ретте цифрлық карта арқылы әлеуметтік жағдайы жоқ, қолдауды қажет ететін азаматтардың портреті жасалып, олардың нақты қажеттіліктері анықталады. Екіншіден, NEET жастарға арналған «Алғашқы жұмыс», түлектерге арналған «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімі» жобалары аясында субсидиялардың ұзақтығы мен көлемі ұлғайтылады. Үшіншіден, жастарды еңбекке тарту және ынталандыру үшін заңнамаға «жас жұмысшы» ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден келген жастарға тұрғын үй жалдау үшін жәрдемақы енгізу шаралары қабылданатын болады», - дейді С.Шапкенов

Сонымен қатар, жастарды оқытуды ұйымдастыруға және сұранысқа ие мамандықтарға ерекше көңіл бөлінетін болады. Осыған байланысты «Ұлттық біліктілік жүйесі туралы» заң жобасын әзірлеуде. Оның аясында біліктілікті тану бойынша тәуелсіз орталықтарды құру үшін тиімді жағдай жасау, үміткерлерге жыл сайынғы аттестациядан өту үшін кемінде 1000 ваучер беру қарастырылған. Ал студенттер мен жастар арасында кәсіптік бағдар беруді ұйымдастыру үшін «мансаптық өсу және жоғары сынып оқушыларын қамту бойынша кемінде 100 нұсқау» әзірлеу жоспарлануда. Бұл шаралар жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадрлар даярлауға, жастарды ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

Осындай ілкімді істердің оң нәтижесі де көп ұзамай көрініс табуы керек. Өйткені, қаралған қаржы бар, бағдарлама жұмыс істеп тұр, ұйымдастыру тетіктері нақтыланған. Тек шаруалардың барысы жүйесінен ауытқымауы тиіс.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар