Freedom Inside '26

Қазақстан шекарасында бір айда 4 мыңға жуық заң бұзушы ұсталды

Қазақстан шекарасында бір айда 4 мыңға жуық заң бұзушы ұсталды
Ашық дереккөз.

Мамыр айында Қазақстанның мемлекеттік шекарасында заң бұзған 3881 адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Олардың 1125-і шетел азаматтары. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, бір ай ішінде мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1180 фактісінің жолы кесілген. Сонымен қатар 41 есірткі тасымалдау және қару-жарақ пен оқ-дәріні заңсыз алып өтудің 61 фактісі анықталған.

Тексеру барысында екі атыс қаруы, 42 суық қару және 118 оқ-дәрі тәркіленді.

Сондай-ақ шекарашылар жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдаудың 406 дерегін анықтады. Заңсыз өткізілмек болған жанар-жағармайдың жалпы көлемі 85 тоннадан асқан. Бұдан бөлек, халық тұтынатын тауарларды заңсыз алып өтудің 526 фактісі тіркеліп, олардың құны 665 миллион теңгеден асқаны белгілі болды.

Шекара қызметінің мәліметінше, ұлттық валютаны заңсыз тасымалдаудың 146 фактісі анықталып, жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге жеткен.

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде браконьерлікпен айналысудың 12 фактісі тоқтатылды. Заңсыз балық аулау құралдары мен бекіре тұқымдас балықтар тәркіленген.

Ведомствоның бағалауынша, алдын алынған жалпы шығын көлемі 210 миллион теңгеден асты.

Аталған фактілер бойынша Шекара қызметі өз құзыреті аясында 62 қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Қалған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданған.