Түнеукүні Владимир Божко "тұрғындар әлеуметтік көмекті көбейткені үшін үкіметтің алдында тізерлеп тұрып алғыс айтуы қажет" деген-тұғын. Божконың бұл сөзі күллі халықтың ашу-ызасын туғызып, әлеуметтік желідегі жұрт Мәжілістің вице-спикерін жерден алып, жерге салған.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысынан соң тілшілермен тілдескен Тілеухан: "Халықты тізерлету деген адамның ақылына сыятын нәрсе емес", - деп қысқа қайырды.
Ал үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың ойынша, Владимир Божко бұл сөзді "аңдамай айтып қалған".
Кеше бұған қатысты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та пікір білдіріп: "Божко мырза эмоцияның жетегіне еріп кетті, содан да болар ойын дұрыс жеткізе алмаған. Анығында ол қазақ жерінің нағыз жанашыры" деді.