Халықарылық іздеуде болған атыраулық “хакер” ұсталды

Қаракөз Амантай 15 нау. 2026 11:43

Халықаралық іздеуде болған атыраулық хакер Түркияның Самсон қаласында ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, ол бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінген. Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам интернет арқылы адамдарға инвестиция салу, IT саласында оқыту, бұғатталған аккаунттарды қалпына келтіру және қаражатты шығарып алуға көмектесу сияқты қызметтер ұсынып, сол арқылы сеніміне кіріп, алдап келген.

“Алдын ала есеп бойынша, келтірілген жалпы шығын көлемі 13 миллион теңгеден асады”, — дейді прокуратура.

Қаңтар айында Атырау қалалық соты күдіктіге қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Осыдан кейін оған халықаралық іздеу жарияланған. Ақпан айында оның Түркия аумағында жүргені анықталып, сол жерде ұсталған.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Бас прокуратурасы күдіктіні елге экстрадициялау үшін қажет құжаттарды әзірлеп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін ол әлеуметтік желілерде Атырау облысында жоғалған бір отбасының ісін жеке зерттеп жүргені туралы видеолар жариялап, көпшілік назарын аударған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove