Халықаралық аренадағы Қазақстан: не істедік, нәтижесі қандай?

Dalanews 25 мам. 2023 11:58 1933

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзіне де, өзгеге де тиімді сыртқы саясат құрды, соның арқасында еліміздің табысты қалыптасуы мен дамуының маңызды міндеттері айқындалып, жолға қойылды. Жас республика дұрыс таңдалған сыртқы саясатының арқасында жоғары беделге ие болып, әлемдік қауымдастықтың мойындауына ие болды.

 

Көгеруге жеткізген көпвекторлы саясат


Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты көпвекторлы бағытпен, бейбітшілікпен, тепе-теңдікпен және прагматизммен сипатталады. Бұл стратегия 1990 жылдардың басында анықталды және соңғы үш онжылдықта дәйекті әрі сәтті жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз.

Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің 186 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып үлгерген. Барлық континенттерде өкілдіктері бар, оның ішінде 62 елшілік пен 20-дан астам консулдық тұрақты қызмет көрсетеді. Көптеген негізгі әлемдік ойыншылармен стратегиялық серіктестік қарым-қатынастары орнатылған.

Анықтамасы бойынша «жау емес, достасуға» бағытталған сыртқы саяси стратегия да елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде өз рөлін жоғары деңгейде атқарады. Қазақстанның әлемнің бірде-бір мемлекетімен қақтығыстары немесе шешілмеген проблемасы жоқ деуге болады.

Прагматикалық көпвекторлы саясат әлемдік қауымдастыққа интеграциялануға, ұлттық мүдделерімізді барынша тиімді ілгерілетуге, ішкі даму мәселелерін шешу үшін тамаша сыртқы жағдайлар жасауға мүмкіндік берді. Соның ішінде экономикалық шаруаларды мысалға келтіруге болады. Мәселен, біздің еліміз тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша Орталық Азиядағы сөзсіз көшбасшы елдердің қатарында тұр.


Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қалыптастырған бағытын берік ұстанып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әлемдік аренадағы рөлін сақтау және нығайту мақсатында сыртқы саясат көкжиегін кеңейтуді жалғастыруда.

Шегенделген шекарамыз шебіміздің беріктігін әйгілейді


Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды жетістіктерінің бірі – барлық тиісті периметрі бойынша мемлекеттік шекараларын толық және түпкілікті халықаралық-құқықтық тұрғыдан тіркеп үлгерген. Қазақстан Республикасының құрлықтағы мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы шамамен 13,3 мың шақырымды құрайды. Еліміз айналасындағы бес мемлекетпен шектеседі.

Біздің ең үлкен көршіміз – теріскейдегі Ресей Федерациясы, ол мемлекетпен Қазақстан әлемдегі ең ұзын ортақ құрлық шекарасын бөліскен. Нақты санмен айтсақ, 7,5 мың шақырымнан асады. Біздің шекарамыз Қытаймен 1,7 мың шақырымды, Өзбекстанмен - 2,3 мың шақырымды, Қырғызстанмен - 1,2 мың және Түркіменстанмен 450 шақырымнан астам қашықтықты құрайды.

ҚХР-мен келіссөздер Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірден басталып кеткені есімізде. Дәлірек айтсақ, бұл бағыттағы жұмыстар Кеңес өкіметі кезінде-ақ жүргізіле бастаған. Содан соң 1998 жылға дейін жалғасты, ал 2002 жылға қарай шекараны демаркациялау да аяқталды.


Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанмен шекарамызды делимитациялау процесі 1999 жылдан 2002 жылға дейін созылды. Ал 2005 жылы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қоюмен Қазақстанның құрлықтағы шекарасын құқықтық ресімдеу процесі толықтай аяқталды.

Сонымен қатар, Каспий теңізінің жалпы периметрінің шамамен 2,3 мың шақырымы Қазақстан аумағымен тікелей байланыста және шекара мәселесін түпкілікті жабу үшін Каспий маңындағы көршілеріміз – Ресей, Түркіменстан, Әзірбайжан және Иран мемлекеттерімен келісімге келу қажет болды. Бұл бағыттағы шаруалар бақандай 25 жылға жуық уақытқа жалғасты, 2018 жылы ақыры консенсусқа қол жеткізілді. Ақыры, Ақтаудағы саммитте бес мемлекеттің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Бұл орайда, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз.

Ядролық қарудан бас тартқанымыз – қауіпсіздікке қол жеткізгеніміз


Қазақстанның тәуелсіз тарихы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар маңызды шешімдерінен басталды. Ол әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған дүниелердің бастамашысы болғанын тарих дәріптейді. Айталық, 1991 жылы 29 тамызда жұмысы бірнеше ондаған жылдарға созылған және Қазақстан жерінде, онда тұратын халықтың тағдырында жазылмаған із қалдырған әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигоны – Семей ядролық полигоны жабылды.

Тәуелсіздігімізді жарияланғаннан кейін Қазақстанның алдында тағы бір сұрақ туындады: дүниежүзінде төртінші орында тұрған Кеңес одағынан мұраға қалған орасан зор ядролық арсеналмен не істеу керек? Қазақстанның Тұңғыш Президенті күшті ерік-жігерді, ерекше көрегенділік пен салауатты прагматизмді көрсетті: біздің еліміз ядролық держава мәртебесінен саналы түрде бас тартты. Бұл мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделімізді нығайтып қана қоймай, сонымен бірге, инвесторлар тарапынан да сенімді арттыра түсті.

Бұл шешімдер еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірін айқындады. Бүгінгі таңда Қазақстан ядролық қарусыздану және таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың мойындалған көшбасшысы болып табылады. Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні БҰҰ-ның есте қаларлық даталар күнтізбесіне Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде енгізілді. 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылды. Ал 2017 жылы елімізде МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкінің ғимараты ашылды.

Қазақстан – ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы барлық негізгі халықаралық шарттарға қатысушы әрі ядролық қаруға тыйым салу туралы жаңа шартты (ЯҚҚҚ) алғашқылардың бірі болып ратификациялады.

Біздің бастамамызбен талай мемлекет мүддесін біріктірді


Еліміз 40-тан астам халықаралық ұйымдардың, соның ішінде БҰҰ (1992 жылдың 2 наурызынан бастап) және оның мамандандырылған мекемелерінің, сондай-ақ ДСҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, бірқатар дүниежүзілік ұйымдардың толыққанды мүшесі болып табылады. ХВҚ, ХҚДБ, ЕҚДБ сияқты қаржы институттарымен байланысымызды жоғары бағалауға болады.

Көпвекторлы саясаттың қырларының бірі Қазақстан негізгі халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде қатысып қана қоймай, диалог пен ынтымақтастықтың жаңа көпжақты алаңдарын құрудың бастамашысы болды. Осылайша, алғашқы бастамалардың бірі 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында жарияланған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясы дүниеге келді. Бүгінгі таңда АӨСШК-ге 27 мемлекет мүше.

Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруда шешуші рөл атқарды. Бұл дегеніміз - жаңа тарихи, геосаяси және экономикалық жағдайларда бұрынғы КСРО елдері арасындағы байланыстарды сақтауға мүмкіндік беретін құрылым. Ал 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен жүзеге асырылған еуразиялық интеграцияны дамыту және институттандыру идеясын жария етті.


Қазақстан басқа мемлекеттермен бірге Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы сияқты ірі де беделді құрылымның ірге қалауының бастауында тұрды, оған біздің елден басқа, бүгінде Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан және Пәкістан кіреді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесі құрылып, ол жақында Түркі мемлекеттері ұйымына айналды. Ал бұл ұйымның түркітілдес елдердің мәдениетін, өнерін, жалпы құндылықтарын сақтаудағы үлесі орасан зор. Халықаралық ұйымға бес жыл төрағалық еткен Қазақстан эстафетаны осы жылы ғана іргедегі Қырғыз еліне табыстады.

Бітімгершілік бағытындағы миссиямыз баянды


Қазақстан сындарлы және бейбітшіл саясатты дәйекті түрде жүргізіп келеді. Тұңғыш Президенттің осы бағыттағы айтулы бастамаларының бірі – Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу дәстүрге айналды. Түрлі конфессиялар, мәдениеттер мен халықтар өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық атмосферасын нығайту үшін бірегей алаң құрылды. Бүгінге дейін алты съезд ұйымдастырылды, жетінші съезд ағымдағы жылдың 14-15 қыркүйегіне жоспарланған. Ынтымақтастық, өзара қолдау, диалог пен сенім – тұрақтылық, өркендеу және әділ әлемдік тәртіптің негізі. Осы ретте бұл идеяны Қазақстанның сыртқы саясаты үнемі мақтанышпен алға тартады.

Жаһандық стратегиялық бастама-2045 жоспары БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында жарияланған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр», жаңа геосаяси шындық «3D» (диалогтың үш деңгейі) және осы бағыттағы басқа да көптеген үндеулер, бастамалар Қазақстан үшін бітімгершілікті қолдаушы ел мәртебесін қамтамасыз ете отырып, халықаралық қоғамдастық тарапынан үнемі қолдау табуда.

Әлем таныған Қазақстан әркез бірлікті ту етеді


Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан өзінің жалпы бағытынан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен тайынбаған. Бұған сыртқы саясатының табыстылығы бұлжымас дәлел бола алды.

Еліміздің жауапты және күшті әлемдік ойыншы ретіндегі ең бірінші шын мәніндегі байсалды танылуы республиканың 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы лауазымына сайлануы болды. Қазақстан – 50-ден астам мемлекет мүшелері бар ұйымды басқару сеніп тапсырылған алғашқы посткеңестік республика, Азиядағы алғашқы мемлекет болды. Еліміздің дипломатиясының маңызды жетістігі – ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы бірінші және әзірге жалғыз саммитіне төрағалық етуімен сәтті өтуі, оның нәтижесінде әлемдің деңгейдегі ең маңызды құжаттардың бірегейі –  Астана Декларациясы қабылданды.

2017-2018 жылдары Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына тұрақты емес мүше ретінде қатысып, оған жаһандық ұйымға мүше елдердің көпшілік дауысымен сайланды және Қауіпсіздік Кеңесіндегі Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болды. Екі жыл ішінде еліміз ядросыз әлем құру, жергілікті қақтығыстар мен қауіп-қатерлерді реттеу, аймақтық қауіпсіздік саласындағы Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету, терроризмге қарсы іс-қимыл сияқты белгіленген басымдықтарды іске асыру бойынша табысты жұмыстарды мінсіз атқаруда.

Егемендігіміздің отыздан астам жылында Қазақстан өз аумағында көптеген жоғары деңгейдегі іс-шараларға мұрындық болды. Біздің территориямызда ШЫҰ, ТМД, ИЫҰ, АӨСШК, ЕАЭО, Түркі кеңесінің саммиттері өтті. 2017 жылы Қазақстанның астанасында ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ол әлем елдері алдындағы маңызды мәселеге айналған жасыл экономиканы өзек етті. Осы бағыттағы ілкімді жобалардың жандануына сеп болды.


Еліміздің өкілдерінің халықаралық ұйымдар мен құрылымдарда жоғары қызметтер атқаруы да қазақ дипломатиясының халықаралық деңгейде мойындалуының айғағы. Мәселен, 2011-2013 жылдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ұйымның Женевадағы кеңсесінің директоры болды.

Бүгінде қазақстандық дипломат Бағдат Әміреев Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы, Асқар Мусинов ИКҰ Бас хатшысының орынбасары, Қайрат Сарыбай АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры, Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ лауазымына сайланды. Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Асқар Шәкіров – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары.

Бізге ынтымақтастық не береді?


Халықаралық бедел мен тану туралы айтқанда, біздің еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарының неліктен маңызды екенін бәрі бірдей түсіне бермейді. Мұны Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымына (ЮНЕСКО) қатысуы мысалында қарастырып көрсек. 1992 жылы 22 мамырда ЮНЕСКО-ға мүше болғаннан бері Қазақстан осы халықаралық ұйыммен ынтымақтастықты және оның шеңберінде басқа да мемлекеттермен өзара іс-қимылды нығайтудың белсенді саясатын жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен жасалған 11 халықаралық конвенцияның (Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенция, Дүниежүзілік авторлық құқық туралы конвенция, Мәдени құндылықтарды қорғау туралы конвенция) қатысушысы болды.

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы мүдделері мен ықпалын жүзеге асыру ЮНЕСКО Бас конференциясының 35-сессиясы барысында 2009-2013 жылдарға Ұйымның Атқарушы кеңесіне, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның басқа да қосалқы органдарына Қазақстанды сайлауы болды. Байланысты дамытудың халықаралық бағдарламасының Үкіметаралық кеңесі (IPDC), «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі (MAB) және т.б. осы іспетті ведомстволардың жұмысына атсалысуымыз да позициямызды беріктете берді. Бұл органдарға сайлау негізінен Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасындағы белсенді, мақсатты диалогтың нәтижесі екенін түсінген абзал.

Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта ЮНЕСКО-ның мәдени әртүрлілік жөніндегі жалпыға бірдей декларациясын, ЮНЕСКО қызметінің негізгі басымдылықтарының бірі болып табылатын өркениеттер арасындағы диалог идеяларын қолдауды және дамытуды дәйекті түрде жүзеге асыруда. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндердің үш съезі (2003, 2006, 2009) Қазақстанның бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін белсенді күрескер ретіндегі беделін - ЮНЕСКО-ны құрудың негізінде жатқан мақсаттарды бекітті.

2001 жылы ЮНЕСКО Қазақстан Республикасының Үкіметі ұсынған «Мәдени және табиғи мұра объектілерінің алдын ала тізбесін» бекітті. Олардың ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі (Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген) және Тамғалы археологиялық ландшафтының петроглифтері бар.


2008 жылдың шілде айында «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» нысаны бірегей табиғи ескерткіштер тізімінің қатарына толықтырды, ол Орталық Азиядағы Дүниежүзілік мұра тізіміндегі бірінші табиғи нысан болды. Қазақстанның ұсынысы бойынша ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» құжаттық мұрасының дүниежүзілік тізіліміне Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірттерінің қолжазбалары, сондай-ақ «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының қызметі туралы мұрағат материалдары қосылды.

ЮНЕСКО-ның есте қаларлық және мерейтойлық даталар күнтізбесіне енгізілген іс-шаралардың ішінде Абай Құнанбайұлының туғанына – 150 жыл, Мұхтар Әуезовтің – 100 жылдығы, Мұхаммед Хайдар Дулатидің – 500 жылдығы, Түркістан қаласының – 1500 жылдығы, Қаныш Сәтбаевтың – 100 жылдығы, Тараз қаласының құрылған күні, Сәбит Мұқановтың – 100 жылдығы, Ғабит Мүсіреповтің – 100 жылдығы, Махамбет Өтемісұлының – 200 жылдығы, Әбілхан Қастеевтің – 100 жылдығы, Әлкей Марғұланның – 100 жылдығы, Ақшұбаның – 100 жылдығы сынды мерейтойларымыз бар. ЮНЕСКО-ның 2008-2009 жылдарға арналған есте қаларлық даталар мен оқиғалар күнтізбесіне ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы «Қыз-Жібек» дастанының жазылғанына 500 жыл толуы кірді.

Білім беру саласындағы ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықтың басым бағыты ұлттық білім беру жүйелерін жаңарту мен нығайтуға қолдау көрсету болып табылады. Осыған байланысты ЮНЕСКО-ның ақпараттық материалдар мен деректермен қамтамасыз ету, оқыту семинарларын ұйымдастыру, соңғы ақпараттық технологияларды ілгерілету және енгізу бойынша көрсеткен көмегі жоғары бағаланады.

Жоғары оқу орындарында оқу бағдарламаларының бірыңғай стандарттарын әзірлеудің, дипломдарды өзара тану мақсатында университетаралық қарым-қатынастарды дамытудың, барлық жастағы және кәсіптегі азаматтардың білім алуына және қайта даярлауға қолжетімділігін арттырудың үлкен маңыздылығын ескере отырып, ЮНЕСКО Қазақстанның «Білім беру институтын» ашу туралы бастамасын қолдады. Мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен бірлесіп ЮНЕСКО-ның «Ерекше қажеттіліктері бар балаларға негізгі білім беруге жәрдемдесу» жобасы аясында арнайы білім беру бағдарламаларын қолдау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.


Біздің еліміз тұрақты дамуды қамтамасыз етудің жаһандық процесіне белсенді қатысады, оны ілгерілету де ЮНЕСКО-ның басым бағыттарының бірі. «Отанның жаңғыруы мен тұрақты дамуы үшін» Меморандум қабылданған 1995 жылдан бастап Қазақстан саясатына әлеуметтік-экономикалық мәселелерді кешенді шешуді көздейтін тұрақты даму қағидаттары енгізілуде. Қазақстан өзінің әскери ядролық арсеналынан бас тартып, әлемдегі ең ірі Семей полигонын жапты.

Ғылыми салада ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық жаһандық бағдарламалар контекстінде жұмыс істейтін үш ұлттық ғылыми комитеттер арқылы да жүзеге асырылады – «Адам және биосфера», «Халықаралық гидрологиялық бағдарлама» және «Халықаралық геоғылым бағдарламасы». Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын зерттеу бойынша ынтымақтастықты да атап өтуге болады. Аймақ елдерінің көмегімен ЮНЕСКО 2025 жылға қарай жағдайды айтарлықтай жақсартуға қол жеткізу мақсатында су ресурстарын басқаруды ұйымдастыруға бағытталған Арал теңізі бассейнінің ұзақ мерзімді перспективасын әзірледі.

Қазақстан ЮНЕСКО қызметінің барлық бағыттары бойынша Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған ЮНЕСКО бастамаларын толығымен қолдайды. Еліміз бен іргелі халықаралық ұйымның ынтымақтастығы екі жаққа да тиімді процесс, соның арқасында республика ХХІ ғасырда әлемнің жаһандық дамуына барған сайын елеулі үлес қосып келеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар