«Халық қолдауымен депутат болдық!». Экс-депутаттар желіде кісімсіп жазба қалдыруда

Dalanews 02 ақп. 2023 10:19 1049

Мәжіліс сайлауы жақындап, елімізде эйфориялық көңіл-күй орнауда. Ал 30 жыл бойы кезегін күткендер әне-міне депутат болып кететіндей күй кешуде.

Экс-депуттар болса «Ана тұрған Балқан тау, оған бізде барған тау» дегендей кісімсіп әлеуметтік желіде жазба қалдыруда.

Депутатты былай қойып, сол депутаттың шабармандары болған көмекшілері де «депуаттың көмекшісі» деген куәліктерін желіге жарыса жариялап жатыр. Неткен мансапқорлық десеңші.

Ал әлеуметтік желіде отыратын экс-депутаттар «осыдан тура бәленбай жыл бұрын «халықтың қолдауымен» (шындығында Елбасы Назарбаевтың қолдауымен деп айтпай ма?) депутат болып едік» деп әлеуметтік желіде көсіліп пост жазып жатыр, жазып жатыр.


Осыған дейін депутаттық мандатқа ие болған «халық қалаулыларын» атамыз Назарбаев «Нұр Отанның» тізімімен өткізіп, билікке қарсы «мәу» деп біра ауыз сөз айта алмайтын депутаттарды жасақтап келгенін бәріміз білеміз ғой. Сондықтан олардың «халықтың қолдауымен депутат болдық» деп айтатындай жөні жоқ.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Назарбаевтың айтқанына көнбейтін, айдауымен жүрмейтін заң шығарушы орган тоқсаныншы жылдардың басында ғана жасақталған-ды. Ол Серікболсын Әбділдин басқарған Жоғарғы Кеңес болатын.

Сол кездегі Кеңестің депутаттары Салық Зиманов, Асқар Жұмаділдаев сында шындықты шыжғырып бетке айтатын депутаттар «халық қолдап депутат болдық» деп айтуына болар еді.

Ал одан кейінгі Парламент сайлауларының бәрі «фарс» болғанын бес жасар бала да біледі емес пе? Сондықтан Назарбаев дәуірінде депутат болғандардың 99 пайызы «халық қолдап депутат болған едік» әңгіме айтуына моральдық құқығы жоқ.


Әлемдік ғылымда мынадай қызық жайт бар. Батыс елдері 90 жылдары ТМД елдерінде ғылыми жұмыспен айналысып (гумманитарлық сала бойынша), ғылыми атақ алғандардың көпішлігін мойындамайды.

Өйткені олар 90 жылдары Кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан елдерде ғылыми атақ тойда таратылатын жыртыс сияқты таратылғанын жақсы біледі.

Сол сияқты Назарбаев кезеңінде депутат болғандардың «халықтың қолдаумен депутат болған едік» деген әңгімесі халықтың жиркенішін туғызады.

Иә, кейінгі Парламентте Шерхан Мұртаза, Амангелді айталы сынды бірді-екілі аузы уәлі депуаттар болды. Осындай санаулы адамдар ғана Назарбаев дәуіріндегі Мәжіліске өң беріп, легитимді қылғанын білеміз. Ал қалғандарының бәрі қолбала қуыршақ депутаттар болды емес пе? Бұлай қатты айтқанымыз үшін экс-депутаттар ренжімесін.

Енді алдағы Мәжіліс сайлауына қатысып, депутаттық мандатқа ие болғандардың «халықтың қолдауымен депутат болдық» деп айтып, сайлаушыларының көзіне тік қарағанын қалаймыз!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар