WorldSkills Competition байқауынан жастарымыз олжалы оралды

Dalanews 28 там. 2015 10:53 941

Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің тарихында алғаш рет еліміздің колледж студенттері Сан-Пауло (Бразилия) қаласында 11-16 тамыз аралығында өткен, WorldSkills Халықаралық техникалық Конкурстың, чемпионатына қатысып қайтты. Қазақстан құрамасының әлемдік чемпионатқа қатысуы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпқор» Холдингінің қолдау көрсеткенін айта кетуіміз керек.

Биыл сайысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 1200-ден астам қатысушылар бақтарын сынап, үздік деген атақ лайық болу үшін күресті. Бұл байқаудың жастарды кәсіптік-техникалық мамандықтарға тартуда мәні зор. Сайыста жас мамандар өздерінің машықтанған мамандықтары бойынша шеберліктерін көрсетіп, бақтарын сынайды. Сан-Пауло қаласында өткен байрақты бәсекеге Қазақстан атынан Әнуар Дәуренов (сылақ және гипс шебері), Сергей Белоносов (аспаз), Нұрлыбек Мұхамедияров (дәнекерлеуші), Әділет Төкежанов (дәнекерлеуші), Райымбек Ишанғалиев (IT- маман), Қанат Ерман (кірпіш қалаушы), Анар Жанбосынова (шаштараз),  сынды өрендер қатысып, қазақ жастарының кәсіптік мамандықтарды игеруге айрықша мән бергенін іспен дәлелдеді. Жарыс барысында Қазақстан құрамасы елдерден келген қарсыластарымен бәсекелесіп, өздерінің мамандықтарына деген икемділіктері мен тәжірибесін көрсетті.

Касиптик билим.04

Чемпионаттың нәтижесінде Сергей Белоносов «Best of Nation» номинациясының медалін жеңіп алса, Әділет Төкежанов «Қырнаушылық іс» командалық жарысында жеңіске жетіп, «WorldSkills Competition» медаліне ие болды. Біздің құраманың сарапшысы «Кірпішті қалау» құзыреті бойынша Қуаныш Айтжанов «WorldSkills Competition Expert» арнайы атағы мен WorldSkills International сарапшылар қоғамдастығының толық мүшесі атанды. Техникалық делегат WorldSkills Kazakhstan Ұлан Жармұхамедов «Шаштараз ісі» құзыреті бойынша қазылар алқасының төрағасы ретінде еңбегі сіңгені үшін WorldSkills Jury President алтын медалін кеудесіне тағып қайтты. Осылайша әлемдік жарысқа алғаш рет қатысқан Қазақстан командасы көк теңіздің арғы жағында өткен жарыстан үлкен олжамен оралды.

Осы ретте ұлттық құраманың барлық қатысушылары –  осы жылы елімізде алғаш рет ұйымдастырылған WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатының жеңімпаздары екенін айта кетуіміз керек. Енді чемпионат елімізде жыл сайын ұйымдастырылып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі маңызды іс-шаралардың біріне айналмақ.

WorldSkills халықаралық байқауы әлемде жұмысшы кәсіби дәрежесін көтеріп, жалпы әлемдік стандарттар бойынша кәсіби білім беру ісін дамытуды көздейтін шара. WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатында 18-ден 22 жас аралығындағы аумақтық турнирлер мен өндіріс өкілдерінің 70 жеңімпазы қатысқан болатын.  Чемпионат 7 кезеңнен тұрып, жас мамандар сылақ және гипсокартон жұмыстары, аспаздық іс, дәнекерлеу жұмыстары, ағаш жону жұмыстары, кірпіш қалау, шаштараз ісі, ІТ-жүйесін басқару бойынша сынға түскен еді.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар