Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы Ақмәди Сарбасовқа қатысты қылмыстық іс туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елемесовтің айтуынша, қазіргі уақытта Сарбасов қамауда отыр.
«Қазір ол күдікті ретінде тергеліп жатыр. Іс пара алу фактісі бойынша жүргізілуде», - деп атап өтті ҚМА төрағасының орынбасары.
Сарбасовпен бірге қылмыстық істің фигуранттары ретінде бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Дәулет Арғандыков және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры Руслан Омаров бар.
«Алынған пара сомасы 75 мың доллар», - деді Елемесов.
Айта кетейік, аталған пара көлемі қазіргі бағам бойынша 40 миллион теңгеден асады.
Ақмәди Сарбасов 1977 жылғы қазанда Батыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Еуразия гуманитарлық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Әр жылдары Әділет министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылымында жұмыс істеген. 2017 жылдан 2019 жылдың сәуіріне дейін – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы болды.
2019 жылдың сәуірінен 2020 жылға дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарды. 2020 жылдың маусымында бірінші вице-министр болып тағайындалды. Бұл қызметті Сарбасов 2025 жылдың сәуірінде басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатқан.
1 шілдеде Ақмәди Сарбасовтың ұсталғаны белгілі болды. Сол кезде ол Еңбек министрлігінің қарамағындағы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ты басқарып отырған.
Бірнеше күннен кейін ҚМА орталық басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуде пайдаланылатын ақпараттық қызметтер бойынша мүдделерді ілгерілету үшін «Бірінші кредиттік бюродан» жүйелі түрде пара алып отырғанын хабарлады. Агенттік күдіктілердің пәтерлерінен ірі көлемдегі доллар табылғанын да мәлімдеді.