Вице-министр «мобильді аударымдар» туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 17 жел. 2025 14:08

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов интернетте тараған, 1 млн теңгеден асқан кез келген мобильді аударым жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттейді деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Вице-министрдің сөзінше, аталған ақпаратты бірқатар интернет-ресурстар таратқан, алайда ол фейк жаңалық болып шыққан.

"Кеше 1 млн теңгеден асқан аударымдар бойынша міндетті түрде ЖК тіркелу керек деген жаңалық шықты. Бұл жалған ақпарат", - деді Ержан Біржанов.

Сонымен қатар ол интернет-ресурстар мен блогерлерге жалған мәлімет таратқаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Вице-министрдің айтуынша, бұл жаңалық қоғамда кең талқыланып, негізсіз алаңдаушылық тудырған.

"Ақпаратты жариялар алдында мұқият тексеру қажет. Біз ресми арналарымызда дұрыс мәліметті бірнеше рет жарияладық", - деді ол.

Ержан Біржанов Қаржы министрлігі мұндай фейк жарияланымдарды бақылап отырғанын, ал жиналған материалдар құқық қорғау органдарына жолданатынын айтты. Министрлік өкілдері азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар