Вице-министр елімізде 2-3 млрд теңгеге форумдар өткізу туралы: Олар өзін-өзі ақтайды

Кәмшат Тілеухан 13 ақп. 2025 16:09 1164

Бюджет тапшылығына ұрынып отырған Қазақстан 2025 жылы құны бірнеше миллиард теңге болатын іс-шараларды өткізгелі отырғаны белгілі. Мәселен, оның ішінде Астана халықаралық форумынан бастап Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шерулерге дейін бар. Кейбір саясаткерлер бұл ретте Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы үнем туралы айтқанын еске салып, "мұндай іс-шараларды өткізу орынсыз болмай ма" деп алаңдайды. Осы сұрақ бүгін Сенатта болған Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновке қойылды, деп жазады Dalanews.kz.

Сенатта сөз сөйлеген Арман Қасеновтың айтуынша, түрлі форумдар мен шерулерді өткізу еліміздің беделі мен танымалдылығы үшін керек. Сондықтан оларға жоспарланған 1-3 млрд теңге Қазақстан экономикасына салмағы салыстырмалы түрде онша болмайды.

"Мысалы, "Астана" халықаралық форумына демеушілердің қаражаты тартылатын болады. Біз барлық соманы демеушілер жабады деген үміттеміз. Бірақ, тіпті демеушілер жаппай жатқанда да 1,4 млрд теңге, 2 млрд теңге сияқты сома әлеуетті инвесторлардың осында тарту, халықаралық аренада еліміздің танымалдылығын арттыру үшін  жұмсауда аса көп сома болып табылмайды", – деді Арман Қасенов.

Ол Қазақстанда негізгі капиталға жылдық инвестициялар 40 млрд долларды құрайтынын еске салды. Тікелей шетелдік инвестициялар - 20 млрд доллар. Бұл күніне жасалатын шамамен 50 миллион доллар тікелей инвестиция деген сөз.

 "2-3 миллион доллар тұратын іс-шараны өткізу орынды, өйткені бұл бізге инвестицияның келуіне ықпал етеді. Екіншіден, бұл  экспорт өсіміне ықпал етеді. Яғни, бұл экономикалық өсімді жақсартатын және кейіннен бірнеше еседен астам өз жемісін беретін орынды іс-шаралар", деп сөзін  қорытындылайды вице-министр

Айта кетсек, 2025 жылы 27 қаңтарда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет", деген еді.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар