Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикасы өсіп жатқанын атап өтіп, сонымен қатар, шешілмеген бірқатар түйткілдің бар екеніне назар аударды деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі әлемдегі жағдай күрделі. Тарифтік шиеленістер мен санкциялық текетірестер күшейіп, мұның салдары ауырлай беруі мүмкін. Сонымен қатар, климаттың өзгеруі «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауды талап етеді.
“Бір жағынан, бұл дәстүрлі энергия ресурстарына сұранысты арттырады. Екінші жағынан, мұнай, газ, көмір бағасының тұрақсыздануына алып келеді”, – деді Тоқаев.
Президент қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтердің кеңінен қолданылу үрдісі байқалатынын атап өтті. Жасанды интеллект те стратегиялық маңызға ие болып, технологиялық алпауыт елдер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп отыр.
“Осындай жағдайда бізде нақты іс-қимыл стратегиясы болуы қажет. Ол стратегия жаңа дәуірдің күрделі сынақтарынан өтуге бағытталуға тиіс”, – деді Президент.
Тоқаев Үкіметке «экономикалық тоқырауды болдырмай, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін» бірқатар қиын шешімдер қабылдау керектігін атап өтті.
Мемлекеттік аппараттың кәсіби біліктілігіне сенім білдірген Тоқаев:
“Мемлекеттік қызметшілер күрделі жағдайларда тиімділігін көрсетіп, жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Халықаралық тәжірибе дәл осындай кезеңдерде атқарушы биліктің шынайы әлеуеті айқындалатынын көрсетіп отыр”, – деді.
Президент бюджет қаржысын үнемдеу қажеттігін де баса айтты.
“Енді белді бекем буып, барға қанағат етуге тура келеді. Үкімет ең өзекті мәселелерге ғана қаржы бөлуі керек”, – деді Тоқаев.